Тау-кен металлургия саласын цифрландыру бойынша 20 жоба жүзеге асырылады

19 Шілде 2019, 11:38
2573
Бөлісу:
Тау-кен металлургия саласын цифрландыру бойынша 20 жоба жүзеге асырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылға дейін елімізде тау-кен металлургия саласында жұмыс істейтін отандық компаниялар цифрландырылады. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомстводан хабарлағандай, бүгінде саланың ірі отандық компаниялары цифрландыруды ескере отырып, өзінің даму стратегиясын қалыптастырды. Цифрландыру бойынша олар 2022 жылға дейін жалпы сомасы 150 млрд теңгеге 20 ірі жобаны іске асыратын болады. Аталғандардың қатарында Еуразиялық Топ, Қазмырыш, Арселормиттал Теміртау, Қазақмыс корпорациясы, Қазминералс сияқты компаниялары бар.

«Сонымен қатар, озық әлемдік сарапшылармен бірлесіп жүргізілген елдің өңдеу өнеркәсібін талдау барысы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 80%-дан астамы және өндіруші өнеркәсіп кәсіпорындарының 60%-ы Индустрия 2.0 (жартылай автоматтандырылған операциялар) деңгейінде немесе автоматтандырылған өндіріске көшу кезеңінде екенін көрсетті. Бұл Қазақстанның үлкен даму жолының басында тұрғанын білдіреді», - дейді мамандар.

Бұдан басқа, өнеркәсіпті цифрландыру жолындағы негізгі кедергілер анықталды, олардың ішінде: бизнес ортадағы цифрландырудан түсетін экономикалық пайданы жете түсінбеу, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, отандық технологиялар мен құзыреттіліктің жеткіліксіз дамуы, цифрландыру үшін қажетті қаржы ресурстарының шектеулілігі, телекоммуникациялық инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы.

Осыған сәйкес және халықаралық тәжірибені ескере отырып цифрландыруды жоспарлайтын және цифрлық технологияларды неғұрлым белсенді енгізуді ынталандыратын отандық кәсіпорындарды қолдау үшін қажетті экожүйені құруға бағытталған шаралар әзірленді.

Қазіргі уақытта сандық технологиялар мүмкіндіктерінің демонстрациялық алаңына айналатын модельдік сандық фабрикалар құру бойынша жобалар табысты іске асырылуда. Сандық фабрикалар қосымша преференциялар алу – эксаумақтық өндіріс мәртебесін алу мүмкіндігін ұсынды.



Өзгелердің жаңалығы