Елордада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Көктем мерекесін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктем фестивалі немесе Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылы БҰҰ-ның мерекелер тізіміне енгізілген. Тиісті резолюция БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында қабылданған. Бұл дегеніміз енді БҰҰ да Көктем мерекесін тойлайды.
Биыл мереке ақпан айында басталып, 15 күнге созылады. 2024 жылы Қытай Жаңа жылы ақпанның 10-нан 24-не дейін жалғасады. Аспан асты елінің тұрғындары бұл уақытты «Көктем мерекесі» немесе «Чуньцзе» деп атайды.
Қытай елшілігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кешке дипломаттар, сыртқы істер министрлігі өкілдері, депутаттар, қоғам өкілдері, спортшылар және басқа да қонақтар қатысты.
Салтанатты жиынның ашылуында сөз сөйлеген Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо ең алдымен Көктем мерекесінің мағынасын түсіндірді.
Бүгінде бүкіл әлемде Көктем мерекесінің әсері өсіп келе жатыр. Ол қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен үйлесетін татулық, келісім, бірлік, қарттарды құрметтеу сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттайды, - деді дипломат.
Чжан Сяо қазақ-қытай қатынасы жайлы да сөз қозғады. Елші атап өткендей, екіжақты қарым-қатынастар 2023 жылы нығая түсті.
Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы серпінді дамуға қол жеткізді. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екі рет барып, Төраға Си Цзиньпинмен нәтижелі келіссөздер жүргізді, оның соңы екіжақты ынтымақтастық құжаттарының тұтас пакетіне қол қоюмен аяқталды. Қазақстан Премьер-министрі Шанхайда өткен 6-шы ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін Қытайға барды. Жоғары деңгейдегі байланыстардың мұндай серпіні 30 жылдық қарым-қатынас тарихында бұрын-соңды болмаған. Екіншіден, елдеріміздің тауар айналымы алғаш рет 40 миллиард долларға жетіп, 32 пайызға өсті. Мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай тауар айналымын 40 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі алға қойған мақсаты осылайша мерзімінен бұрын орындалды, - деп атап өтті Қытай елшісі жиында сөйлеген сөзінде.
Сонымен бірге екі ел арасында көптен күткен визасыз режим күшіне енді, бұл екі ел азаматтарының өзара сапарларын жеңілдетті.
2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында "Лу Бань шеберханасы" ашылды. Онда халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандар дайындалады және сол арқылы кәсіптік білім беру саласындағы олқылық толтырылады. Мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімге қол қойылды, ол адамдар арасындағы байланыс пен елдер арасындағы мәдени алмасудың берік негізін қалайды, - деп айтты Чжан Сяо.
Елші 10 жылдан астам уақыт ішінде Қытай экономикасы әлемдік экономика өсімінің үштен бірін қамтамасыз етіп, жаһандық экономикалық өсудің ең қуатты қозғалтқышы болып қала беретінін айтты. Чжан Сяо қазіргі геосаяси жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Қытай мен Қазақстанның стратегиялық әріптестер ретінде бейбітшілікті, диалогты, егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуді, БҰҰ Жарғысын сақтауды жақтайтын бірден-бір дұрыс ұстанымды ұстанғанын баса айтты.
Сөз соңында Қытай дипломаты елімізді жаңа Үкіметтің құрылуымен құттықтап, Президентіміздің бұл маңызды қадамы терең, ауқымды экономикалық өзгерістерге бастама беретінін атап өтті.
Елшінің құттықтау сөзінен кейін Конфуций институтының білім алушылары қонақтарға ән мен биден шашу шашты.
Биыл Қытайда «Қазақстан туризмі жылы» өтетінін еске сала кетейік. Атаулы жыл наурыз айында басталады.