Ақтөбе облысы Ойыл ауданында тасқын кезінде баспаналары суға кеткен тұрғындар бүгінде киіз үйлер мен сарайларда, сондай-ақ сауда орындарында тұрып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қос отбасының тілегі
Биылғы тасқын кезінде Ойыл ауданындағы екі елді мекен - Қаратал мен Екпеталды түгел су басты. Соның салдарынан бүгінде қос ауылдың тұрғындары үй-күйсіз қалып отыр.
Қаратал ауылының тұрғыны Ернар Дүйсенғалиевтің көктемгі тасқын кезінде 4 бөлмелі үйін су басып, баспанасыз қалған. Қазір оның келіншегі мен 4 баласы досының екі бөлмелі сарайында тұрып жатыр. Ал өзі Тереңқұдық елді мекеніндегі «Сыбаға» шаруа қожылығында жұмыс істеп, қой бағып жүр.
Үйіміз саманнан салынған еді. Су тасқыны болған кезде құлап қалды. Өзім 4 жылдан бері «Сыбаға» шаруа қожалығында мал бағамын. Келіншегім ауылда балалармен тұрады. Демалыс күндері отбасыма барып тұрамын. Қазір келіншегім мен балаларым досымның отбасымен бірге екі бөлмелі сарайда тұрып жатыр. Тасқын кезінде досымның сарайы құламады, себебі ұлутастан (ракушняк) салынған еді. Тасқыннан кейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішін дұрыстап алдық. Әзірге бізге берілетін үйлер дайын емес. Күн суытқанға дейін жаңа үйімізге кіріп алсақ деген тілегіміз бар. Қазір ауылымызда 130-дан астам үй салынып жатыр. Барлық тұрғын үйдің ауданы бірдей. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында енді жаңа баспанаға қол жеткіземіз деп қуанып отырмыз. Ал құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты ештеңе айта алмаймыз, себебі әлі біткен жоқ. Қазір мердігер ұйымдар үйдің ішкі жұмыстарын жасап жатыр, кеше ғана терезесі салынды. Әлі жасалатын жұмыс көп, - дейді ол.
Ауыл тұрғынының айтуынша, тасқын кезінде Қаратал ауылындағы барлық әлеуметтік нысанды су басып қалған. Қазір олардың ішінде мектеп ғимаратына ғана жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, Қаратал ауылында бұған дейін балабақша, клуб, медпункт, дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеген. Сондай-ақ ауыл халқы жарықпен, ауызсумен, газбен, интернетпен толық қамтылған.
Су тасқынынан кейін қазір ауылымызда көгілдір отын жоқ. Электр қуаты мен ауызсу бар. Көшелерге су жайылғанда бағаналар, су және газ құбырлары зақымданып, істен шықты. Бүгінде ұялы байланыстың да сапасы нашарлаған, интернет желісі дұрыс жұмыс істемейді. Жалпы, алдағы уақытта ауылымыздағы инфрақұрылымның сапасын көтеру керек. Сондай-ақ жаңа оқу жылына дейін мектеп пен балабақшаны қайта қалыпқа келтірсе екен деп тілеп отырмыз. Себебі балаларымыз сабаққа барады, - дейді Ернар Дүйсенғалиев.
Ауыл тұрғынының айтуынша, кеше Қаратал ауылына арнайы жұмыс сапарымен Премьер-министр Олжас Бектенов келіп кеткен. Алайда Үкімет басшысы ауыл тұрғындарымен кездеспепті. Құрылыс алаңын ғана қарап, кері ұшып кеткен.
Қаратал ауылында тасқынның салдарынан баспанасыз қалғандардың бірі — Айнагүл Дауылбаева. Көп балалы ана бүгінде ауылдағы дүкенді паналап отыр. Үй-күйсіз, мал-мүліксіз қалған бұл отбасының бүгінде жағдайы мәз емес.
Отбасында алты бала тәрбиелеп отырмын. Жолдасым бірнеше жылдан бері ауырады. Су тасқыны болған кезінде ол облыс орталығында ауруханада жатқан еді. Біздің жағдайымызды естіп, ауруханадан ерте шығып ауылға жетті. Қазір отбасымызбен ауылдағы дүкенді уақытша паналап отырмыз. 4 бөлмелі үйіміз, сарайымыз, мал ұстайтын қорамыз түгел су астында қалды. Үкіметтің қолдауымен қазір жаңа үй салынып жатыр. Дегенмен оның аумағы біздің отбасымыз үшін аздық етеді. Бұрынғы үйіміз үлкен болатын. Алайда жоқтан бар жақсы. Енді сол жаңа баспанамызға тездетіп кірсек екен, - дейді көп балалы ана.
Айнагүл Дауылбаеваның да, жолдасының да тұрақты жұмысы жоқ. Азын-аулақ жұмыс істеп тапқан нәпақасымен қазір балаларын асырап отыр. Тасқыннан кейін көп балалы отбасы бір реттік жәрдемақы (300 мың теңге) және 530 мың теңге көлемінде мал-мүлкіне өтемақы алған.
Бізге мемлекет үй салып бергенмен, қора, сарай салып бермейді. Сол үшін өтемақы үшін алған 530 мың теңгенің 450 мың теңгесіне 1500 дана тас түсіріп қойдық. Күзге дейін сарайдың іргетасын көтеріп, сыртын қалағымыз келеді. Көп балалы ана ретінде аудан әкімдігіне барып, көмек сұрап едім. Онымен әкімдіктегілер 80 мың теңге ғана қаржылай көмек берді. Бұл қаржы сарайдың төбесіне қажет ағаш пен қаңылтыр алуға жетпейді. Енді не істерімізді білмей отырмыз, - дейді Айнагүл.
Қазір бұл елді мекенде Айнагүл сияқты әр жерді паналап, отбасын асырап отырғандар жетерлік. Олардың барлығының басты арманы — жаңа баспанаға қол жеткізу.
Кеше Ақтөбе облысына іссапармен келген Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарын тездетіп аяқтауды тапсырып кетті. Сондай-ақ Премьер-Министр жұмыс қарқынын жеделдету үшін қосымша күштер мен резервтерді тартуды тапсырды.
Ауданда 177 үй салынып жатыр
Бүгінде Ойыл ауданында жалпы саны 177 үй салынып жатыр. Оның 105-інің төбесі жабылса, 66-сына есіктері салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ 16 үйге терезелер қондырылған.
Аудан бойынша қазір 19 мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Олардың қатарында қызылордалық және ақтөбелік құрылыс компаниялары бар. Барлық үйдің ауданы бірдей, 80 шаршы метрді құрайды.
Қазіргі таңда Қаратал ауылында — 131, Ойыл ауылында — 21, Ақкемерде — 16, Ақжарда — 5, Кемерде — 2, Бестамақта 2 үй салынып жатыр. Ал Екпетал ауылы түгел суға кеткен соң бұл елді мекеннің тұрғындары түгел аудан орталығына көшірілді. Бұл ауылда тасқын кезінде 66 үйді су басты. Оның ішінде 59 отбасыға баспана сатып алынып берілсе, қалған 7 үй Ойыл ауылынан салынып жатыр.
Қазір аудан бойынша барлық үйлер тұрғындарға бөлініп берілді. Ауыл тұрғындары өз үйлерінің құрылысын барып қарай алады. Мәселен, Қаратал елді мекенінде жаңа үйлер тұрғындардың бұрынғы үйлерінің орнына салынып жатыр. Бұл ауылда 200-ден астам үйді су басқан болатын. Қазір олардың ішінде 131-і жаңадан салынып жатса, 61 отбасыға аудан орталығынан үй сатып алынып берілді, сондай-ақ 18 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - дейді Ойыл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айнат Қазмағамбетов.
Оның айтуынша, қазір ауданда тұрғын үй құрылысын жүргізумен қатар көпірлер мен жолдардың құрылысы да көңіл бөлінуде. Мысалы, Ойыл ауылына кіреберістегі көне көпір бұзылып жатыр. Алдағы уақытта мұнда жаңа көпір салынады. Ол үшін мердігер ұйым анықталып, құжаттары әзірленуде. Жоспарға сәйкес, жаңа көпірдің құрылысы тамыз айында басталуы керек.
Сондай-ақ бүгінде тасқын кезінде су шайып кеткен ауылдар арасындағы жолдарды қайта салу жұмыстары қолға алынуда. Бұл бойынша жуырда жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамаға жолданады. Жол салу жұмыстары күзде басталады, - дейді бөлім басшысы.
Қалай десек те, биылғы су тасқынынан ойылдықтар көп зардап шекті. Екі ауыл су астында қалса, ондаған шаруашылықтың базы, қора-жайын түгел су басты.
Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараковтің айтуынша, тасқын кезінде Ойыл ауданында 49 шаруа қожалығы зардап шеккен. Олар — Қайыңды, Саралжын, Берсиев, Көптоғай, Ойыл ауылдық округтеріне қарасты шаруашылықтар.
Қазір тасқыннан зардап шеккен шаруаларға тиісті көмек көрсету бағытында жұмыстанып жатырмыз. Осыған дейін шаруаларға суға кеткен малына өтемақы төленді, барлық мал шығыны өтелді. Енді қазір базы мен қыстағы, қора-жайы суға кеткен шаруашылықтарға өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүргізіп, құжаттарын қабылдап жатырмыз. Алайда оларға өтемақы шығыны қалай төленетіні белгісіз. Бұл мәселені алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі шешеді, — дейді А.Мүбараков.
P.S. Қорыта айтқанда, ойылдықтарды жаңа баспанамен қамту жұмыстары күзде аяқталуы тиіс. Қазір құрылыс жұмыстарының қарқыны аудан әкімдігі мен облыс әкімдігінің тікелей бақылауында. Ал шаруаларға өтемақы төлеу мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шешілуі керек. Себебі бұл мәселені тек ақтөбелік шаруалар ғана емес, су тасқыны болған өзге өңірлердегі шаруашылық басшылары да көтеріп жатыр. Демек соңғы сөз — министрлікте...