Tartyl Fest. Тараз тарландары тартысқа дайын

16 Ақпан 2023, 17:56
1127
Бөлісу:
Tartyl Fest. Тараз тарландары тартысқа дайын

Tartyl Fest турнирінің гранд-финалына Тараздан 8 үміткер қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Елордада 18 ақпан «Tartyl FEST»  республикалық турнирінің Гранд-финалы өтеді. 2022 жылы турникке тартылу бойынша жарыс Қазақстанның 20 қаласында өтіп, қатысушылар 9 салмақ дәрежесі бойынша бақы сынаған болатын. Ал осы турнирдің гранд-финалына Тараздан 8 үміткер жолдама алған еді.

Тараздық 26 жастағы Нұрсұлтан Рахмет іріктеу кезінде қарсыласпен тең түсіп екі рет мүмкіндік алған. Ол іріктеу кезеңінде 18-30 жас  аралығында тартылу саны бойынша бірінші орынды жеңіп алып, гран-финалға жолдама алады.

Өзім көптен бері спортпен айналысамын. Осы жарыс басталады дегеннен дайындалып күтіп жүрдім. Жалпы хоббиім – атпен серуендегенді ұнатамын, – дейді Нұрсұлтан Рахмет.

Нұрсұлтанның айтуынша, турникке тартылу үшін жас ерекшелігі маңызды емес. Бастысы, адамның ерік-жігері мен ішкі дайындығы керек.

Гранд-финалда жеңіске жетсем, жүлдемді анама арнаймын. Маған үнемі қолдау білдіріп жүрген басты адамым – анам, – дейді спортшы.

Сонымен қатар, бұл дүбірлі додаға Тараз қаласындағы №5 мектептің оқушысы Әлихан Темірхан да қатысады. Ол іріктеу сынында 18 жасқа дейінгілердің арасында бірінші орын алған. 

Жазғы уақыт еді. Сол бір жарыс түсімдей болды. Ол кезде қосымша жұмыс істеп жүргем. Бір күні анам осындай жарыс туралы айтты. Бірінші орын аламын деп ойламадым. Дайындығым болмаса да 30 рет таза тартылып жеңіске жеттім, – дейді Әлихан Ерболұлы.

Айта кетейік, елордада чемпион атанған қатысушы Финляндияда өтетін Street workoutтан Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Өзгелердің жаңалығы