Атыраулық әйелдің көлігінен есірткіге ұқсас дәрілер анықталды. Тінту жергілікті белсенділердің берген нұсқамасына сәйкес жүргізілген, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Препарат құрамында заңсыз заттар болса, көлік иесі заң алдында жауап береді
Азамат өткен демалыс күні тоқтатылған. Оның көлігінен күдікті заттар анықталса да, құзырлы орган өкілдері оны үйіне босатыпты. Бұған наразы болған жергілікті белсенділер мен аналар бүгін облыстық прокуратура алдына жиналып, наразылық білдірді. Жастарды улап, қоғамға үлкен қауіп тудыратындар жазалансын дейді.
Өзіміз де ана болған соң, балаларымыздың болашағы үшін алаңдаймыз. Сол себепті есірткіге қарсы күреске үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Мұнайлы өңірге келген кезде, президент есірткіге қарсы қоғам болып күресуіміз қажет деді. Ал енді кеше, тұрғындардың айтуы бойынша бір адам ұсталды. Бірақ оны босатып жіберді. Бізде заң бар. Бірақ сол заңға бәрі бірдей бағынбайды. Неге екенін түсінбеймін. Демек, заңмен шектеу қойылған тауарды сататындардың үстінен қарайтындар бар. Ол полиция, прокуратура, сот деп айта аламын. Ұсталған адам тиісті деңгейде жазалансын. Соны талап етеміз, - дейді белсенді Сандуғаш Көкенова.
Наразы топ, Атырауда бұған дейін де бірнеше заңбұзушы ұсталған дейді. Бірақ жазаланатындар аз деп налиды.
Есірткі тектес дәрі сататындарға заң өте қатаң болу керек. Жастардың бәрі уланып жатыр. Олай болмау керек. Бақылауға алынуы керек. Түрмеде отыруы керек ондай адамдар. Бостандықта тайраңдап жүрмесін,-дейді белсенді Әлия Романқызы.
Ал прокурорлар тәркіренген дәрі сараптамаға жіберілді дейді. Нақты дәлел болмаса көлік иесін қамай алмаймыз деп ақталды. Бірақ соған қарамастан уақытша ұстау изоляторына алған.
Заң жүрінде біздің қамайтындай құқығымыз жоқ. Бірақ біз қамауға алдық. Қазір қылмыстық кодекстің 296-бабы, 4-бөлігіне сәйкес тергеу жүріп жатыр. Анықталған дәрі сараптамаға жіберілді. 1-2 күнде қорытындысы шығады. Егер де шынымен, кінәсі бар болса, оның жазасы ауыр болады, - деді Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимов.
Шу шығарған белсенділер, құзырлы орган өкілдері әділ жаза тағайындайды дегенге сенеді.