Тарих ғылымдарының докторы Сайпулла Сапанов XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын және жалпы осы кезеңдегі зұлматтың көлемін анықтау бойынша 2021-2023 жылдары жүргізілген көлемді жұмыс жайлы айтып берді. Өңірлік зерттеу тобы Атырау облысы бойынша 56 халық қозғалысын және оған қатысқан 6139 адамды анықтаса, бұған дейін ақталмаған 182 адамды ақтауға ұсыныс берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы тарих ғылымының дамуына баса назар аударып отыр. 2020 жылы 24 қарашадағы №456 "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлығы соған дәлел.
Сайпулла Сапановтың сөзінше, дәл осы жарлық негізінде Атырау облысында өңірлік комиссия құрылған. Оған жауаптылар XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын және жалпы осы кезеңдегі зұлматтың көлемін анықтау бойынша 2021-2023 жылдары көлемді жұмыс атқарды. Бұл іске Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің зерттеуші ғалымдары да атсалысты. Өңірлік комиссия кеңсесі университетте орналасып, ғалымдардың бір орталықтан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолдау жасалды.
-2021 жылы басталған ауқымды жұмыстар аясында өңірлік жұмыс топтары мұрағаттық құжаттарды жинап, талдау жүргізіп, ғылыми-сараптамалық жұмыстармен қатар жабық қорларды құпиясыздандыру, құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай базасын құру, толық ақтау процестерін аяқтау бойынша жұмыстарды бірізді жүзеге асырды. Мемлекеттік комиссия ақтауға жатқызылатын 11 санат бойынша жұмыс істеп, Атырау өңірлік жұмыс топтары 2021, 2022, 2023 жылдары Қазақстанның батыс өңіріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша ұсыныстар дайындады. Соңғы зерттеулер барысында саяси қуғын-сүргіннің түрлі бағыттарда жүргізілгендігі анықталды. Олардың қатарында бұрын ақталмаған халық наразылықтарына қатысушылар, бай-кулактарды жою мен олардың мал-мүлкін кәмпескелеудегі, күштеп отырықшыландырудағы, дін өкілдері, сайлау құқығынан айырылғандар және басқа да санаттар бар, - дейді С.Сапанов.
Комиссия жұмысы саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы қазіргі заманғы мұрағат саясаты, қазақстандық мұрағат құжаттарын құпиясыздандыру мәселелері, жергілікті күштік құрылым архив қорларындағы тарихи деректер, ізденістер, ғылыми сараптау, ГУЛАГ жүйесі лагерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары және олардың тағдыры, 1928-1932 жылдардағы халық көтерілістері тарихы, саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының алуандығы, саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихын зерттеудегі ауызша тарих деректері мәселелерін кең түрде зерттеуге мүмкіндік берген.
- Бұл жүргізілген жұмыстың халық арасындағы әсері мол болды. Мысалы, бір ғана дерек келтіре кетсек, бұған дейін тарих пәнінен оқулықтарды 1928-1931 жылдардағы ұжымдастыру кезіндегі халық наразылықтары туралы Атырау өңіріндегі деректер айтылмайтын. Өңірлік зерттеу тобы Атырау облысы бойынша 56 халық қозғалысын және оған қатысқан 6139 адамды анықтаса, бұған дейін ақталмаған 182 адамға ақтауға ұсыныс берілген. Міне, әр топта да осындай жаңалықтар ашылды. Бұл жұмыстар алға қарай әлі жалғасын табары сөзсіз,-деді Тарих ғылымдарының докторы Сайпулла Сапанов.

Бұл зерттеуден өзге, Қазақстанның жаңа тарихы, бұрын мән берілмей келген проблемалар, Жошы Ұлысы, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Қазақ-ноғай қатынастары, Алаш Орда, Екінші дүние жүзілік соғысқа байланысты тың деректерді де қайта қарау, Тәуелсіздік тарихы өз зерттеушілерін күтіп тұрғанын айтады тарихшы.
- Бүгінде мемлекет басшысының жеке қадағалауымен "Қазақстанның ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі" 7 томдық жаңа тарихы жазылуда. Өзім басқарып отырған Х. Б. Табылдиев атындағы "Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы" ҒЗИ отан тарихына, аймақтану мен өлкетану тарихына барынша атсалысып отыр. ҒЗИ қызметкерлері Google Scholar және Research Gate, ORCID, PUBLONS, Scopus ID жүйелерінде тіркелген ғылыми басылымдарда, ҚР білім және ғылым министрлігі, білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдар тізіміне енген жарияланымдарында өз еңбектерін жариялап отырады,-деді С.Сапанов.
С.Сапанов Атырау өлкесі ерте темір дәуірі, сарматтар, түркі кезеңнің, орта ғасырлық дәуірге жататын, өз зерттеушілерін күтіп тұрған тарихи бай өлке дейді. Сөзінше, бір ғана Орта ғасырлық "Сарайшық" пен Алтын Орда кезеңіне жататын "Ақтөбе Лаети" сияқты археологиялық құндылықтары бар жобалардың өзі неге тұрады.
- Жасыратыны жоқ Атырау өңірінің археологиясы мен этнологиясы басқа өңірлермен салыстырғанда кенже қалып отыр. Оған ең басты себеп, аймақтағы кәсіби археолог мамандардың жоқтығы. Соңғы жылдары осы кемшіліктердің орны толтырылуда. Оған мемлекет тарапынан басты назар аударылып келеді. Дегенмен де алда тұрған мақсаттар мен міндеттер орасан зор,-деді С.Сапанов.

Отандық ғылымды дамыту мәселесіне Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы мен басшылығы да бейжәй қарамайды. Университетте соңғы бес жылда ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру екі есеге ұлғайған. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыруы аясында 6 жобаны орындаса, өткен жылы 12 ғылыми жоба іске асырылыпты. Ал биыл 2025-2027 жылдарға арналған "Жас ғалым" жобасы бойынша Магистр А.К.Дауткулова жетекшілігімен "Батыс Қазақстан ономастикалық кеңістігіндегі гидронимдердің лингвокогнитивті сипаты" және PhD М.Е. Рахметов жетекшілігімен "Жасанды интеллект принциптеріне негізделген қашықтықтан оқыту платформасын құру әдістемесін әзірлеу" жобалары гранттық қаржыландыруға ие болған.
- Өткен жылы университеттің қаржыландыру конкурсының нәтижесінде 11 жоба іріктеп алынып, қаржыландырылып, жүзеге асырылды. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының магистрі А.М.Зайновтың жетекшілігімен "Ортағасырлық Сарайшық қаласында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу" ғылыми жоба-экспедициясы университет есебінен қаржыландырылып, зерттеу жұмысы жүргізілді. Ал биыл 7 ақпанда ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды университетішілік қаржыландыру бойынша кезекті конкурс жарияланды. Конкурсқа 16 жоба өтінімі тапсырылып, сараптама кезеңінде қаралуда,-дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы ғылым департаментінің директоры Айгүл Бәкірбекова.
Департамент директорының айтуынша, жастарды ғылымға тарту мақсатында ҒжЖБМ мен "Отбасы банкі" АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. "Отбасы банкі" АҚ келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосыпты.
Университет басшылығы оқытушылардың және ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларын қолдауға да барын салып отырған көрінеді.