Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өз ойын жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа» деген атпен өзінің естеліктері мен мемлекеттік қайраткерлік еңбегі туралы баянның жарыққа шығуы елімізде елеулі оқиға болары анық. Ол ресми қызметте жүргенде де жауапты, президенттік еңбегіне байланысты Жолдау, Үндеу, саяси мақалалардан өзге де «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде», «Тәуелсіздік дәуірі», «Ұлы дала ұлағаттары», «Өмір өткелдері» сияқты тағы басқа саналуан республика өмірінің айрықша маңызды оқиғалары мен өткен уақыт, заман белестерінде қазақ елінің өз тәуелсіздігі, бостандығы жолындағы күресі, тарихтағы орны, жаңа замандағы қадамдары туралы пайымдауларымен оқушысымен бөлісетін дәстүр бар еді, - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.
Ол 30 жылдан астам ел басқарып, ұлт тағдырымен өз тағдырын байланыстырған тұлғаның жаңа шығармашылық еңбегі әрқайсымызды қызықтыратыны да сөзсіз екенін айтып өтті.
Салмақты, көрікті, сапалы қағазға басылған кітаптың алғашқы тарауы-ақ бірден оқушысын қызықтырып, билік ауыстыру құпиясының терең сырына үңілдіре түседі. Кітапта автор өз тұрғысынан баяндаған басқа елдердің тарихи тұлғаларының өмірлері де, олардың қилы тағдырлары, мемуарлық еңбектеріне жасалған авторлық шолу да оқушы үшін білгісі келетін құнды деректер.
Біздің қоғамда балалық шақтан есейген азаматқа өсіп, жетіліп, жетіп, өмірден өз орнын табу – әр азаматқа арман, мақсат, сын екені де айтылады. Бұдан бұрынғы жарияланымдардан, «Елбасы жолы» өмірбаяндық фильмнен, тағы басқа ақпарат көздерінен таныс болса да автордың жаңа шығармасынан өз баяндауынан жаңа «көзбен» оқудың да санаға әсері мол.
Сол сияқты бұл өмірбаяндық кітаптың әр бөлімі, әр тарауы туралы талдап айтылар ой, пікір көп болары сөзсіз. Ондай талдау қай жағынан болса да тым тәптіштеліп, көп уақыт алар еді. Автор осы көлемді кітаптың өзіне де жүз ойланып, мың толғанып – «мен өз өмірімнің бел-белестерін әңгімелеймін, қос ғасырда өзім көрген немесе тағдырына әсер еткен оқиғалар жөнінде жазамын...». (Н.Н. «Менің өмірім» - 17 бет), - деп кіріскенін де оқимыз. Өйткені мемлекет басшысының еңбегі, үздіксіз, ой, толғанысы – тынымсыз. Барлығы да маңызды. Оның бәрін бір естелік кітапқа сыйғызу, немесе тізбелеп жазуға тырысу да қиын-ақ, - дейді Қуаныш Сұлтанов.
Республика, халықаралық дәрежеде өсіп, қалыптасқан мемлекеттік, қоғам қайраткерлері туралы ой қозғауы, пікір айтуы да осы кітаптың мазмұнын күшейтіп тұр.
Бұрын қанша айтылып, жазылса да,отбасы, шыққан тегі, ата, анасы, балалық шағы, өсу, есею жылдары да орынды көрсетілген. Бұлай жазу жас ұрпаққа керек.Автор жас ұрпаққа үлгі, өнеге болсын деп өз ізденісін оқушы назарына ұсынады.
Өз өмір жолында әлі қандай да ашық, жабық қиындықтармен бетпе-бет кездесе қоймаған 18 жасқа жаңа келген бала жігіттің ізденісі мен мақсаткерлігі, төзімділігі мен мінезін тұрақтандырып, қалыптастыру, әртүрлі көлденең кедергілер мен қайшылықтарды бастан кешіру, одан қателеспей, дұрыс жолын таба білу – әркімнің басына өздігінен «қона қалатын» бақыт құсы да емес. Өмір үшін, өмірдегі өз орның үшін – күрес жолы.
Жалындап тұрған жас шағыңда комсомол мен оның жұмысына бүгінгі Ата болған, кемеңгерлік кезеңге жеткен жасыңда сыни көзбен қарасаң, тек жастық шағың емес, кемел шағыңдағы көзқарасың да көп кемшіліктеріңді табатыны белгілі. Комсомол қатарында, және оның белсенділігінде мыңдаған, миллиондаған біздің әкелеріміз, аналарымыз болды. Миллиондаған біздің отандастарымыз комсомол аталған жастар ұйымында ортақ мүддеге, отансүйгіштікке, еңбекке, жасампаздыққа жұмылып, тәрбие көрді. Миллиондаған жастар комсомол арқылы өмірдегі өз жолын, өз орнын тапты. Осы кітап авторы да солардың бірі болды. Кеңес Одағы өмір сүрген 74 жылда үш ұрпақ өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Комсомол жұмысы болашақ саясаткерлер үшін тамаша мектеп болғаны талассыз. Бұл іске қоғамдық негізде қатынасқанның өзінде қандай тағылым, тәрбие алғанымды комсомол съезінен, Хельсинкидегі фестивальдан кейін анық сезінгенмін», (Н.Н. «Менің өмірім» - 100 бет) –деп өзінің қоғам қайраткері жолындағы көрген келеңсіздіктерге сыни пікір білдіріп, жақсы жолдарды да ризашылықпен есіне алады. Аға буын тәлімгерлерінен, бірге оқып, бірге металлург кәсібін үйренген достары, әріптестері туралы ашық көңілімен жазыпты.
Кітаптың көптеген тарауларында бұрынғы Одақ жүйесінің, әсіресе СОКП Орталық Комитетінің, Одақтық үкіметтің басқарушы тетіктерінің жарамсыз жағдайға келуі, басқару институттарының шарасыздығы нақты дәлелдермен қорытылған. Әсіресе, бүкіл дүниені уысында ұстаған үстемдікпен отырып, Одақтас республикалардың талап тілектері шамадан тыс орталықтандырылған билікке қайшылыққа келіп, дағдарысқа ұшырағандары, мызғымас Одақтың күйреуі бүкіл саяси-экономикалық жүйенің болашақтан, дүниежүзілік даму процестерінен көп артта қалғандықтарына жіті көзбен қарап, жасалған сараптамалар мен оқшау пікірлер оқушысын бейжай қалдырмасы да анық, - дейді Қуаныш Сұлтанов.
Кітап толған драма. Тілі жеңіл, ұғынықты.Автордың әңгіме айту шеберлігі де естеліктер бойынан табылады.
Сондай-ақ ол өткен ғасырда 90-шы жылдардың басындағы болжанбаған қақтығыстар да жай баяндала салмайтынын және сол қайшылықтарды қоздыра түсуге себепші болған жоғары лауазымды адамдардың іс әрекеттері, оларға автордың өзі берген бағасы, қорытындысы да назар аударатын, оқушысын қызықтыратын жағдайлар барында айтып өткенкен.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жастайынан ауыр өнеркәсіп «қазанында» қайнап өскен, экономикалық процестердің білікті білгірі, жаңа реформалардың жүргізушісі болғандықтан болар – ауқымды шығарманың басым бөлігінде экономикалық дағдарыс, одан шығу жолдары, бұрын-соңды болмаған жаңа тәсілдер, шетел инвесторларымен өзара түсіністік, сенім шаралары жан-жақты әңгіме болады. Оқушы кітаптың әр жолынан жаңа экономикалық жүйе дабылын, жаңа дәуір тынысын сезеді. Сондай тұрмыстық, экономикалық жағдай мойын бұрғызбай қарбалас боп тұрғанда, саяси, құқықтық мәселелер, қоғамның сан-салалы проблемалары, демократия үрдісі де кезек күттірмей мен мұндалап тұратыны да бүгінгі өмір сұраныстарымен астасып, ушығып тұрғанын да автор ой толғаныстарымен таразылап, оқушы назарына бар шындықты ашық айтқан. Олардың ішінде кейбір кезінде қоғамда қатты мән беріліп айтылмай тек жасалған жұмыс арқылы жаңадан жарияланған оқиғалар, жағдайлар да барынша сол кездің қабылдауымен жазылған, - дейді Қуаныш Сұлтанов.
Ол, әсіресе мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған тоқсаныншы жылдардың бастапқы бесжылдығы Солтүстіктегі көрші ел тарапынан астыртын қолдау арқылы біздің елдің ішіндегі өзара түсіністік, толеранттық, тыныштық ауанын тіл, дін, білім, жер мәселелерін дуылдатып бұзуға тырысқандық көңіл күй өршіп тұрғанын және Нұрсұлтан Әбішұлы сол жылдары Ресей сыртқы істер министрі Андрей Козыревтің ұлттар арасында «жанашыр» бола қалып, бір-біріне сенімсіздік қас қабақ туындатуы, ұлттар арасын арандатуға тырысқанын шетел сарапшыларының түйіндерімен келтіретінінде айтып өтті.
Бұл мәселеге шетелдік сарапшылар да алаңдаушылық білдірді. Джордж Бреслауэрдің «Горбачев и Ельцин как лидеры» атты кітабында «Ресей 1993-1995 жылдарда Достастық елдеріне «қос азаматтық» туралы заңдар қабылдату үшін қысым көрсетті» деп жазған. Автор 1995 жылғы сәуірде Сыртқы істер министрі Козыревтің Ресей «шетелдегі отандастарды қорғау үшін» күш қолдануға дайын екенін де айтып салғанын еске түсіреді. Рас артынша «Осы қызыл сөздің көбі әншейін мақтаншақтық болып шықты» деп қосып та қойған, - деп жазады кітап авторы. (Н.Н. «Менің өмірім».438 бет)
Сондай-ақ автор Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің күнделікті мемлекеттік қызметінде де, жәй бейресми қарым қатынаста да Қазақстанда ұлттар татулығын ең қымбат құндылығымыз, оны сақтау қасиетті борышымыз деп, айрықша сезімталдықпен қадағалап отыратынында тілге тиек етті.
Оның бұл ұстанымы өзінің шынайы табиғи өміріне, көзқарасына айналып кеткеніне көз жеткізу үшін төмендегі сөздеріне назар аударсақ та жеткілікті. Н.Назарбаев 90-шы жылдардың басындағы жағдайды бағамдай отырып, былай дейді: «...Елімізде ұлтаралық қатынастардың барған сайын шиеленісуі басталған игі өзгерістерге төніп отырған тағы бір нақты қауіп екені анық болатын. Қазақстанда осы келеңсіз үрдістердің алдын алуға, оларға қарсы әрекет етуге қаншалықты уақыт, күш-жігер жұмсалды десеңізші. Бұл арадағы қиындық бізге осы саладағы іске әсер негізінен сырттан жасалғандығында еді. Солженицын деген сәуегей шығып, Ресейді қалай көркейтпек ойы барын айтты да ұлттарды бір біріне айдап салып тынды. Әлгі жазушы қазақтар мал бағып барған жерінің бәрін өзінің жері санай берген деп те сандалды, республиканың теріскей облыстары Ресейге тиесілі еді деп те сандырақтады» (Н.Н. «Менің өмірім. 196 бет»).
Кітаптағы тағы бір оқиғаға да - кезінде оның шешілуі дұрыс, біздің «пайдамызға»болғандықтан, қоғамда дуылдатпайық деп, «жылы жауып» қойған бір ерекше оқиғаны бүгін еске алып, ондай сөздер әлі де айтылып қалатынына назар аударғанымыз жөн болар.Қоғамда, ел арасында ашық жарияланып, бәлендей көңіл бөлініп, маңыз беріле қоймаған мына бір жағдайды Нұрсұлтан Әбішұлы төмендегідей еске түсіріпті: «Егемендік жолындағы қадамымыздың алғашқы жылдарында неше түрлі оқиғалар орын алды.Бұғанасы қатпаған жас мемлекеттің беріктігін сынап көргісі келгендер алуан-алуан әрекет жасады.
Мысалы, 1993 жылдың аяғында Целиноградта славян қоғамдарының бірлескен съезі өтті, онда қаланы Қазақстандағы славяндардың астанасы деп жариялау жөнінде шешім де қабылданып кетті. Рас, бұларының ешқандай заңға маңайламайтын, қисынға сыймайтын шешім екенін жаңағы «бірлескен съезді» ұйымдастырушылардың өздері-ақ тез түсініп, әлгі шешімнің күшін жойған, арандатушы әрекеттері үшін артынша кешірім де сұраған...»((Н.Н. «Менің өмірім. 395-396 беттер). Жоғарыда келтірілген бір мысал жаңа кітапты оқып шыққан кез келген адамды бей-жай қалдыра алмас. Осы жолдар менің де көзіме оттай басылды. Өйткені, Премьердің орынбасары қызметінде едім. Сол жылдың сегізінші қарашасы ертемен Президент шақыруымен барсам – жаңағы хабар. Және «славяндар съезі» кеше 7-қараша, дәлірек айтсақ әдейі бұрынғы Одақтың ұлттық мерекесі күні өткізілген. Президенттің шұғыл тапсырмасымен сол күні Целиноградқа жеттім... Үш күнге созылған толассыз кездесу, сөйлесу, түсініспеу, түсіндіру, түсінісу - ақыры мәмлеге келу..., -Егер дер кезінде солармен сауатты жұмыс жүргізе алмасақ, заң жүзінде олар ешнәрсе жасай алмағандарымен, қоғамды шайқап, ел арасын бүліндіруде біраз жүйке жұқартар еді...
Ол енді басқа әңгіме. Сол күні Солтүстік өңірлерге халықпен кездесулер өткізуге еліміздің көрнекті ғылым, әдебиет, мәдениет қайраткерлері, заңгерлер Әбіш Кекілбаев,Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Ғайрат Сапарғалиев сияқты тағы басқа танымал тұлғалар Президент тапсырмасымен іссапарға аттанып, көпшілік арасында мемлекеттік тәуелсіздігіміздің құндылықтары туралы салиқалы, салмақты әңгімелер өткізді. Кітап авторы ондай кездесулерді өзі бастап, көптеген білікті тұлғалардың елмен кездесуін, диалог-түсіністігін қолдап отыратын, - дейді Қуаныш Сұлтанов.
Айтуынша өмірбаяндық кітапта мұндай оқиға, әртүрлі шешімдер, шаралар өте мол. Жас ұрпаққа тарихи оқулық, бүгінгі заманның шежіресі екенін айтып өтті.
Ширек ғасырдан астам уақыт жас мемлекеттің іргетасын қалап, уық, кереге, шаңырағын көтеріп, әлемдік елдермен иін тіресіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болған Қазақстанымыздың мақсаты айқын, болашағы жарқын.Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік тәжірибесінен жазылған жаңа кітаптың тарихи маңызы зор, тағылымы орасан, - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.