Тарих цифрлық кеңістікте: Қазақстанның ұлттық мұрасы қалай сақталып жатыр?

Енді тарихи жәдігерлерді көру үшін музейге бару міндетті емес. Қазақстанда 750 музей экспонатының 3D-моделі жасалып, 15 музейге виртуалды тур әзірленген.

27 Қараша 2026, 16:30
АВТОР
 Мәдениет және ақпарат министрлігі 27 Қараша 2026, 16:30
27 Қараша 2026, 16:30
61
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын цифрлық форматта сақтау жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп келеді. Ал архивтерде миллиондаған тарихи құжат цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Ұлттық музей BAQ.KZ-тің ресми сауалына берген жауабында цифрландыру жұмыстарының қазіргі көрсеткіштерін жариялады. 

750 жәдігердің 3D-моделі жасалған

Ұлттық музейдің ресми мәліметінше, E-Museum ұлттық платформасында Қазақстанның 285 музейі туралы ақпарат орналастырылған. Оның ішінде 134 музейдің қорындағы жәдігерлер Мемлекеттік каталогқа енгізілген.

Платформада 67 мың музей затының фотосуреттері мен ғылыми сипаттамалары, 750 үшөлшемді моделі жинақталған. Сонымен қатар 15 музейдің виртуалды туры қолжетімді.

Қазақстан музейлерінің жалпы қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Оларды цифрлық форматта жүйелеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта музей қорларын бірыңғай платформаға біріктіру, деректерді ортақ стандартқа келтіру және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру жоспарланған.

E-Museum платформасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Азаматтар мен шетелдік зерттеушілер жәдігерлердің фотосуреттерін, ғылыми сипаттамаларын, 3D-модельдерін көріп, музей экспозицияларын виртуалды аралай алады. Сондай-ақ платформаға жасанды интеллект технологияларын енгізу және Europeana халықаралық цифрлық мәдени мұра платформасымен интеграциялау көзделіп отыр.

Архивтерде 110 миллионнан астам бет цифрланған

Қазақстанда 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оларда 74 725 архив қоры және 27,8 миллион сақтау бірлігі бар.

Ұлттық архивтің ресми мәліметіне сәйкес, мекеменің өз қорындағы цифрланған құжаттардың үлесі 26 пайызға жеткен. Электрондық форматқа 110 миллионнан астам бет көшірілген. Сонымен қатар 16 миллион кадрдан тұратын сақтандыру қоры жасақталған.

Архивте ірі форматтағы құжаттарды сканерлеу зертханасы мен интеллектуалды іздеу жүйесі жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мамандар 1 447 тарихи құжатты қалпына келтірген.

Архив құжаттарын бір жүйеге біріктіру үшін Ұлттық цифрлық архив жобасы да әзірленіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, портал архивтерде, музейлерде және кітапханаларда сақталған тарихи материалдарды біріктіруге бағытталған. Жобаны іске асыру мерзімі 2026 жылғы желтоқсанға белгіленген.

10 мыңнан астам қолжазба мен сирек кітап цифрланған

Қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың қорында 86 315 құжат бар. Оның ішінде 10 мыңнан астам қолжазба мен сирек кітаптың цифрлық көшірмесі сақталған. Құжаттар 70 тілде ұсынылған.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2026 жылғы маусымдағы дерегіне сәйкес, жыл басынан бері қорға 2 506 цифрлық көшірме қосылған. 437 құжат өңделіп, 127 555 бет сканерленген.

Электронды кітапхананы 122-ден астам елдің оқырмандары пайдаланады. Қашықтан қолданушылар саны 295 116 адамға жетіп, материалдарды қарау көрсеткіші 3,6 миллионнан асқан. Электрондық көшірмелер 891 551 рет жүктелген.

Тарихи ескерткіштер де цифрлық форматқа көшіріліп жатыр

Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны бар екені бұған дейін хабарланған. Ал 2026 жылғы сәуірде өткен салалық талқылауда 11 846 ескерткіш тіркелгені айтылды. Оның 8 877-сі археологиялық нысан, 276-сы республикалық маңызға ие. Қазақстандағы 10 нысан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген.

Өңірлерде тарихи нысандардың цифрлық карталарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, Қызылорда облысында 150 ескерткіш қамтылған 3D интерактивті карта жасалған. Сондай-ақ 194 ескерткішке QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылған.

Мұндай жобалар тарихи орындар туралы ақпаратты қашықтан алуға мүмкіндік береді. Дегенмен ескерткіштердің барлығын цифрлық паспортпен және үшөлшемді модельмен қамту бойынша бірыңғай ұлттық көрсеткіш ашық деректерде жарияланбаған.

Қазақстанда музей, архив және кітапхана қорларын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен олардың деректері әртүрлі платформаларда сақталған. Музейлердің жеке базаларын біріктіру, ортақ стандарт қалыптастыру және цифрлық материалдардың қолжетімділігін арттыру қажеттігі бар.

Тағы бір мәселе – цифрлық көшірмені жасау мен оны еркін пайдаланудың айырмашылығы. Мәселен, E-Museum платформасындағы жоғары сапалы көшірмелер мен 3D-модельдердің бастапқы файлдарын алу үшін тиісті музейдің рұқсаты қажет.

Ал Ұлттық цифрлық архив жобасы іске асқан жағдайда музейлерде, кітапханаларда және архивтерде сақталған тарихи материалдарды бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік туады.

Демек, Қазақстанда ұлттық мұраны цифрлық форматта сақтау бағытында нақты нәтижелер бар. Алайда музейлердегі 4,5 миллионнан астам жәдігерді, миллиондаған архив құжатын және тарихи ескерткіштерді толық цифрлық кеңістікке енгізу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Наверх