Тарифті негізсіз көтерген лауазымды тұлғалар жазаға тартылды

24 Тамыз 2019, 00:13
1847
Бөлісу:
Тарифті негізсіз көтерген лауазымды тұлғалар жазаға тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында тарифті негізсіз көтерген лауазымды тұлғалар жазаға тартылды. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше, 2018 жылы Ақмола облысының прокуратурасы облыс орталығының жылумен қамтамасыз ету саласындағы монополия субъектісі - Көкшетау қаласы әкімдігінің жанындағы «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК-ге тексеру жүргізуге бастамашылық етті.

Тексеру нәтижелері бойынша қадағалау органымен аумақтық монополияға қарсы ведомствоның бірқатар лауазымды тұлғаларына және жылумен жабдықтау ұйымының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.

«Тергеп-тексеру барысында монополистің жылу энергиясын өндіруге жұмсалатын шығынды аса көтеру жолымен 1,3 млрд. теңгеден астам заңсыз кіріс алғаны анықталды. Сонымен қатар, табиғи монополияларды реттеу туралы заңнама талаптарын бұза отырып, көмір стратегиялық тауар өндірушілерден емес, Көкшетау қаласындағы делдалдардан сатып алынғаны анықталды»,- делінген хабарламада.

Жоғарыда көрсетілген жылу үшін артық өндіріліп алынған сомма монополияға қарсы органмен уақтылы анықталмады және жылумен жабдықтау бойынша тарифтерді төмендету арқылы қала тұрғындарына өтемақы төленбеді.

«Облыс прокуратурасының қабылдаған шаралары нәтижесінде Ақмола облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті бір жыл мерзімге жылумен жабдықтау қызметтеріне өтемақы тарифін енгізу туралы бұйрық бекітті және 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап облыс орталығының тұрғындары үшін жылу төлемі 37%-ға төмендеді, сонымен 48 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды»,- делінген хабарламада.

Биыл 30 шілдеде Көкшетау қалалық сотының үкімімен монополияға қарсы органның лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін салғырт орындағаны үшін кінәлі деп танылып, Департаменттің бұрынғы басшысына 300 АЕК көлемінде айыппұл салу, оның орынбасары мен бөлім бастығына 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, ал «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК бұрынғы бас директоры және оның орынбасары қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғандары үшін  кінәлі деп танылып, тиісінше әрқайсысына 500 АЕК және 200 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалып, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.
 

Өзгелердің жаңалығы