Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ұялы байланыс операторларының тариф бағасын күрт көтеру мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевне сауал қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары байланыс операторлары тарифтерді бірнеше есе қымбаттатқан.
2022-2023 жылдары Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары 120 тарифтік жоспарды 20 пайыздан 90 пайызға дейін қымбаттатты. 2024 жылы 140 тарифтік жоспар 3 пайыздан 300 пайызға дейін өсті. Ал 2025 жылы 90 тарифтік жоспар 14 пайыздан 75 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл – сұмдық жағдай, – деді Сәрсенғалиев.
Ол байланыс операторлары тарифтерді өз бетінше көтеріп жатқанын айтып, мәселені заң жүзінде реттеуді ұсынды.
Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда министрлік байланыс операторларының бағасына ықпал ете алмайтынын айтып, жауапкершіліктен шет қалып отыр.
Қарапайым халық бағаға шағымданады. Министрлік “бұл – кәсіпкерлік кодексіне сәйкес операторлардың өз шешімі” дейді. Сонда кім жауап береді? Сондықтан операторлар тарифті өздері белгілесе де, оны Үкіметпен келісуі керек деген норма ұсындым, – деді ол.
Өз кезегінде Жаслан Мәдиев ұялы байланыс саласында бағаның өсуіне объективті себептер бар екенін айтты.
Министрдің сөзінше, соңғы жылдары телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін ауқымды инвестициялар қажет болған.
3G-ден 4G-ге көшу, 5G базалық станцияларын орнату, ауылдарға интернет жеткізу – мұның бәрі тұрақты инвестицияны талап етеді. Сонымен қатар соңғы екі жылда интернет-трафикті тұтыну шамамен 70 пайызға өсті, – деді Мәдиев.
Сондай-ақ ол кейбір әлеуметтік тарифтердің бағасы өзгермегенін, тіпті кейбір тарифтердің арзандағанын айтты.
Кейбір операторларда бір гигабайт интернет құны 2023 жылы 96 теңге болса, қазір 82 теңгеге дейін төмендеді, – деді министр.
Бұдан бөлек, министр макроэкономикалық факторлар, инфляция мен жабдықтардың қымбаттауы да тарифтердің өсуіне әсер етіп отырғанын атап өтті.
Жаслан Мәдиев қазіргі заң жобасында азаматтарды қолдауға бағытталған әлеуметтік нормалар қарастырылғанын айтты. Оның ішінде нөлдік баланс кезінде де eGov, мессенджерлер сияқты маңызды сервистерге қолжетімділік сақтау мәселесі бар.
Сонымен қатар министр антимонополиялық бақылауды күшейту бастамасын қолдайтынын жеткізді. Алайда Үкіметтің тарифтерді тікелей реттеу жоспары жоқ екенін мәлімдеді.
Егер Үкімет тарифтерді қарайтын болса, бұл толыққанды реттеушілікке айналады. Біз мұндай реттеуден 2017 жылы кеткенбіз. Егер бағаны мемлекет белгілей бастаса, салаға инвестиция азаюы мүмкін, – деді ол.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ұялы байланыс нарығы бәсекелі орта болып саналады, сондықтан тарифтерді мемлекеттік реттеу қажет емес.