Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

15 Қазан 2022, 21:06
2119
Бөлісу:
Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады
PHOTO Серіктестік материал
Фото: автордан

Тараз қаласының жұртшылығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда өткен құрылтайда жасаған ұсынысымен ұлттық мерекеге айналған Республика күнін тойлауды бастап кетті, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілішісі.

Жамбыл облысының орталығындағы «Көне Тараз» этно-мәдени-тарихи кешенінде өңірдегі этностардың мәдениетімен, дәстүрімен айшықталған мерекелік іс-шара өтті. Араға 13 жыл салып, қайта жанданған Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған мән-маңызы бөлек салтанатқа өңірдегі 87 этностың өкілі мен қала тұрғындары қатысты. 

Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

Кешеннің қақ ортасындағы «Достық» үйінің маңына жиылған этностар қолөнер, әшекей бұйымдармен көмкерілген тауарларын көрмеге шығарып, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптеумен шектелмеді. 

Бұдан бөлек, тұрғындарға ұлттық тағамдарын ұсынып, ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртты. Сол секілді, облыста көп шоғырланған этнос жастары ұлттық аспапта әуезді әуендерін шырқап, билерін биледі. 

Ел егемендік алғалы 31 жыл шеңберінде облыстағы этностардың салт-дәстүрінен ажырамай, ұлттық мәдениетінің жауһарларын жоймай, келер ұрпаққа аманаттап қалдырғаны көңіл қуантады. Бұл да мемлекеттің ұстанып отырған саясатының жемісі екені анық. Өйткені, осынау мерекеде өңірдегі түрлі этностар басқа шаруасын шетке ысырып, бір ортаға ұйысуы – таным-түсініктің кеңейгенін, бере-бірліктің тамыры тереңде екенін ұғындырғандай. 

Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

Негізі «Қоғамдық келісім» КММ бұған дейін де талай игі бастамалардың басында болып, ай сайын бірнеше этностың мәдениеті мен дәстүрі күнін атап өтетін болған. Бірақ, осы жолғы мерекеде өңірдегі этностарды бөле-жармай барлығын шақырып, кең көлемде өткізуді жоспарлаған. 

Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

Айтулы күнге орай ұлттық нақышта сәнденген этнос өкілдері жәрмеңке ұйымдастырып, тұрғындарға тауарларын нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан саудалады. Бір сөзбен айтақанда, өңірдегі этнос өкілдері мен  этномәдени бірлестік жетекшілері өз ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетін барынша ашып көрсетуге тырысып баққаны көрініп-ақ тұрды. Соның ішінде қазақ тілін жетік білетін дизайнер Елена Голубинскаяның өзгелерден дараланған қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. 

Шығармашылыққа ден қойған соң, эксперимент жасап, жаңаша дүние жасауға бала кезден әуес болдым. Кейінірек бір тудың астында мекен ететін ұлт пен ұлысты бөле-жармай, этноүлгідегі бұйымдар жасауды қолға алдым. Бұл бұйымдар қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар сынды бірнеше ұлттың қолөнерін заманауи үлгіде ұсынуға мүмкіндік берді. Көрмеге әкелген қоржын, сөмке, бас киімдерде де этностиль элементтері бар.  Қазір театрда дизайнермін. Шығармашылыққа әуес болған соң, бос уақытымды ұтымды пайдаланып, қолдан осы бұйымдарды жасаймын. Дизайнерліктен бөлек, сурет өнерінен де хабарым бар. Көрмеге әкелген суреттердің ішінде Айша бибінің кескіні бейнеленген «Махаббат хикаясы» деп аталатын картинам жаныма жақын. Қуанатыным, біз егемен елде бір тудың астында бейбіт күн кешудеміз. Өзім Жамбылдың тумасы болған соң, басқа елге, аймаққа қоныс аудару ойымда жоқ. Алыс-жақын шет елдерге қонаққа барғаныммен, менің Отаным Жамбылда екенін еш ұмытқан емеспін, – деп ағынан жарылды Елена.    

Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

Айтулы күннің салтанатты жиынында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жамбылдықтарды Республика күнімен, этностардың мәдениеті мен дәстүрі күнімен құттықтады.

Республика күні қарсаңында өтіп жатқан облыстағы этностардың мәдениеті мен дәстүрі күніне арналған ортақ мереке құтты болсын! Бейбітшілік пен келісім, ауызбіршілік пен ынтымақтастық – Қазақстан халқының ең басты байлығы. Бүгінде татулығы мен бірлігі жарасқан өңірде 87 этностың басын қосқан 75 этономәдени бірлестік бар. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуеті жағынан өркендеуі жолында еңбек етуде. Осы ұйымның 30-дан астамы Ассамблея құрамында. Баршамызға отақ міндет – Әділетті Қазақстан құру жолындағы игі бастамаларды бірігіп іске асыруда.  Бүгінгі атаулы этностар күні мерекесінің өтуі де сол игілікті істердің нәтижесінен екені сөзсіз. Әулиеата өңірі еліміздегі көп этносты аймақ болғандықтан, жастарға осы құндылықтарды сақтап, нығайта отырып Қазақстан халқының мәдениті мен дәстүрін құрметтеуді үйретуге міндеттіміз. Баршаңызды алдағы мемлекеттік мереке, елімізді тәуелсіздікке бастаған Республика күнімен құттықтаймын,– деген Еркін Үйсімбаев бірқатар этномәдени бірлестік жетекшілеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. 

Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

Мерелік іс-шарада барысында жастар жағы жанды дауыста ән шырқап, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, кір тасын көтеру, күрес сынды ойын түрлерінен сынға түсті. Ұлттық спорт түрлеріннен жеңімаз атанған жастар бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Ел егемендігін алып, еңсе тіктей бастаған тұста құрылған Ассамблеяның жемісті жұмысын Жамбылда өткен осы бір салтанатты жиыннан байқауға болады. Тәуелсіздік жылдарынан бері 31 жылда елдегі түрлі ұлт мен ұлыс өкілі біріне-бірі қолдан келгенше жәрдемдесіп, сан-салада тізе қосып еңбек етіп келеді. 

Тараздықтар Республика күнін ұлттар достығымен айшықтады

Жамбыл өңірінде мереке қарсаңында бас қосқан этностардың тілегі бір, ол – ынтымағы жарасқан егемен елде тұрақтылық пен келісім мәңгілік орнасын деген жақсы ниет қана.

Өзгелердің жаңалығы