Тараздың көп қабатты тұрғын үйлеріне ыстық су қашан беріледі

26 Сәуір 2019, 22:23
3034
Бөлісу:
Тараздың көп қабатты тұрғын үйлеріне ыстық су қашан беріледі

Тараз қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Таразда ыстық судың көпқабатты үйлерге үзіліспен берілуі, тіпті кей жерлерде мүлдем тоқтатылуы көпшіліктің алаңдаушылығын туғызуда. 

Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Князь Тұртаеваның қатысуымен өткен Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында осы және басқа да мәселелер сөз болды.

«Өңірде сәуір айының алғашқы онкүндігінде орташа ауа температурасы күндіз 10-25, ал түнде 5-10 градус аралығында жылы болуына байланысты жергілікті биліктің шешіміне сәйкес жылыту маусымы 7 сәуірде тоқтатылғаны рас. Енді энергияны өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар күшімен магистральді және ішкі орамдық жылу желілерін жөндеу және қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіле бастайды. Бұл жұмыстар 15-20 күнге созылады», - деген К.Тұртаева «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласы аумағындағы жылу желілерін қайта жаңғыртудың екі өтпелі жобасы мен қайта калпына келтіру шаралары жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Осыған байланысты екінші (М-2) магистраль бойынша Жамбыл даңғылы, Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев және төртінші (М-4) магистраль бойынша Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері бойындағы тұрғын үйлердің 30 пайызына ыстық су берілуі уақытша тоқтатыла тұрмақ. Сондай-ақ, «Таразэнергоорталық» АҚ-ы күшімен көпқабатты 610 тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Дегенмен, қаланың жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақтарында ыстық су кезең-кезеңімен өшірілетін болады.

«Жылу құбыры жүйесінің ұзындығы 188 шақырымды құрайды. Біреуі ауыстырылып жатса, екіншісі істен шығады. Жалпы олардың 72 пайызға жуығы әбден ескіріп, тозған. Биылғы қысқы жылыту маусымы барысында, міне, осындай ақаулы құбырлардың су қысымына төтеп бере алмай, сыр беруінің 40-қа жуық дерегі тіркелді. Мысалы, қазір құбырлары алмастырылып жатқан 5 шақырымдық екінші магистраль 1972 жылы, ал 4,1 шақырымдық төртінші магистраль 1981 жылы жүргізілген. Бұдан басқа ішкі орамдық жылу құбыры желілері де жаңғыртылуда», – деді баспасөз мәлсихатында «Таразтрансэнерго» МКК директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жогибаев.

Алдағы уақытта «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны мен 1-АҚ жылу көзінен қаладағы көппәтерлі 85 тұрғын үйге, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап 16 қыркүйегіне дейін «Қаратау», «Қарасу» тұрғын алаптарына, «Қант қалашығы» шағын ауданына ыстық су беру көзделген. Сондай-ақ, «ТемірЖол-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бойынша Байзақ батыр көшесіндегі «Газовка» қазандығы арқылы көппәтерлі 19 тұрғын үйді 1 мамырдан бастап 5 маусымға дейін ыстық сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жалпы қала бойынша биыл көпқабатты 712 тұрғын үйге ыстық су беру жүзеге асырылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы