Таразда нан бағасы негізсіз қымбаттаған

26 Қазан 2020, 22:22
2352
Бөлісу:
Таразда нан бағасы негізсіз қымбаттаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен демалыс күндері Тараз дүкендерінде нан бағасы 5-10 теңгеге өскен еді. Бұл шешім жергілікті билікпен келісілмеген күйі қабылданған. Жедел штаб қазір жағдайды жан-жақты зерттеп жатыр.

Облыс әкімдігі тарапынан шұғыл шара қабылданғанның арқасында дүйсенбі күні ірі сауда орындарында ас атасы бұрынғыдай 85 теңгеден сатыла бастады. Тек аулалардағы шағын дүкендердің кейбірінде нан 5-10 теңгеге қымбатырақ.

Қалада негізгі 6 наубайхана бар. Олардың бесеуі бағаны өсіру туралы шешімге келген көрінеді. Нанның қымбаттауын олар солтүстік өңірлерден келетін ұн құнының өсімімен түсіндіріп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тұрғындарды сабырға шақырып, жағдайдың реттелетінін жеткізді.

Мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілері нан бағасын 85-тен 95 теңгеге дейін өсіргені анықталды. қазір жедел штаб бұның қаншалықты қисынды екенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақылдаспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқы тартылады, - деді ол.

Тиісті мониторинг жұмыстары монополияға қарсы және салық органдарымен бірлесе жүргізілуде.

Нан бағасы бірнеше факторларға байланысты. Бірақ ең негізгісі – ұнның бағасына келіп тіреледі. Ал, қазір ұнның құны 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен,- деп атап өтті Берік Нығмашев.

Облыс әкімінің орынбасары қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеу үшін барлық шаралар қолданылады деп сендірді.

Естеріңізде болар, өткен жылы осы уақытта нан бағасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шаралары қабылданып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазанға дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2 000 тонна алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, оның ішінде нанның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» ӘКК ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ,- дейді облыс әкімінің орынбасары.

Сөз соңында Берік Нығмашев Тараздағы нан бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда арзан екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Тараз» ӘКК әлеуметтік дүкендерінде ас атасы 55 теңгеден сатылуда.

Өзгелердің жаңалығы