Таразда екпе жұмыстарын жүргізетін 13 орын жабдықталған

10 Сәуір 2021, 09:01
1522
Бөлісу:
Таразда екпе жұмыстарын жүргізетін 13 орын жабдықталған

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда Жамбыл облысы орталығында коронавирустық инфекцияның эпидмиологиялық жағдайы қолайсыз болып тұр.

Бұл туралы Тараз қаласының бас санитариялық дәрігері Рита Алтынбасова айтып берді. Оның сөзінше, карантин шараларын әлсірету сәтінен бастап аурушаңдықтың тұрақтану немесе төмендеу үрдісі байқалмайды. Мәселен, жыл басынан бері індет жұқтырғандар мен пневмония дертіне шалдыққандардың саны 1200-ден асып кеткен. Оның ішінде 914-інде клиникалық белгілер бар болса, 278-інде клиникалық белгілер жоқ. Ал дерттілердің қатарында 363 зейнеткерлер, 295 жұмыссыз, 39 медицина саласының қызметкері, 12 әскери қызметші, 11 полиция маманы бар бар екен. 

Өндірістік кәсіпорын қызметкерлерінен – 37, мемлекеттік қызметкерлерден – 16, оқушылардан – 57, ұстаздардан – 34, жүкті әйелдерден – 23, білімгерлерден – 33, зертхана қызметкерлерінен – 10, басқа салалардан 193 азамат науқастанған. Қазіргі таңда Тараз қаласында коронавируспен ауырған тұрғындарды емдеуге арналған 2 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Алғашқысы 250 орындық Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасы болса, екіншісі – 240 орынға шақталған қалалық көп бейінді аурухана. Бірінші тоқсанда бұл нысандарға 651 науқас   жатқызылып, емделді. 541 науқас амбулаторлық жағдайда ем қабылдады, - деп атап өтті Рита Өмірханқызы. 

Ол инфекция жұқтырғандардың жас құрамына да толқталды. Нақтылай айтатын болсақ, дертке шалдыққандардың ішіндегі 14 жасқа дейінгі балалар – 75, 15-19 жас аралығындағылар – 40, 20-29 жастағылар – 120, 30-39 жастағы азаматтар –161, 40-49 жастағылар – 157, 50-64 жас аралығындағылар – 312, 65 жастан жоғары жандардың саны 278 екен. Демек, науқастанғандарың басым бөлігі 50 жастан жоғары тұрғындардан тұрады. 

Әрбір тіркелген коронавирустық инфекцияның жағдайы бойынша вирустың жұқтыру көзін анықтау және әрі қарай таралуын болдырмау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық тексеру іс-шаралары жүргізіледі. Қазіргі нәтижесінде індетті нақты жұқтыру көздері белгісіз, десе де қоғамдық орындар мен отбасындағы жақын қарым-қатынас жағдайында жұқтырғандардың саны басым. Мысалы, отбасында 1 адам ауырса, оның басқа мүшелерінің де сырқаттану деректері жиілеп отыр. Бұған көбіне үй карантиніне оқшаулануға алынған азаматтардың тиісті талаптарды дұрыс сақтамауы мен үй жағдайларының сәйкес келмеуі себеп болуда. Сонымен қатар үй карантине алынған тұрғындардың оқшаулау тәртібін сақтауын бақылау мүмкіндігі жоқ, - дейді Тараздың бас санитар дәрігері. 

Коронавирустық инфекцияға шалдығудың өсу үрдісі биылғы қаңтар айында байқалғанымен, одан кейінгі уақытта біршама төмендепті. Алайда, наурыз айындағы меркелер кезінде көрсеткіш қайтадан күрт жоғарылаған. Рита Алтынбасованың сөзінше, бүгінде Жамбыл облысы орталығында медициналық бақылауда 427 ошақ тұр. Оның 399-ы жеке үйлер болса, 33-і жұмыс орындары. Бұл нысандарда 1250 шақты азамат дәрігерлердің жіті бақылауында. Вирус ошақтарын жою мен әрі қарай таралуын болдырмау үшін Ұлттық сараптама орталығы мамандары қорытынды залалсыздандыру шаралары жүргізілген. 

1 ақпаннан бастап, оның ішінде Тараз қаласы бойынша коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу жұмыстары басталып кеткенінен хабардармыз. Бірінші кезекте жоғарғы қауіп тобына жататын медицина саласының қызметкерлері, мұғалімдер мен өзге де сала мамандары екпемен қамтылу үстінде. Жамбыл облысы орталығында жұқпалы дертке қарсы екпе жұмыстарын жүргізу үшін 13 пункт жабдықталып, дайындалды. Бүгінгі күні вакцинацияланған тұрғындардың саны – 5 879, оның ішінде 4 300-ге тарта денсаулық сақтау саласының маманы бар. Сондай-ақ 1 100-ге жуық мұғалім екпе салдырса, өзге саланың 452 қызметкері, 12 студент, 20 шақты учаскелік полиция вакцинамен қамтылды, - деп атап өтті Рита Өмірханқызы. 

Оның мәліметінше, екпе алғандардың 4 132-сі алғашқы компонентін алса, 1 747-сі екінші компонентін де салдырып үлгерген. Тараз қаласы бойынша екпеден кейінгі асқыну жағдайлары тіркелмепті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары алғашқы екпе мен екінші екпенің аралығында адамдармен қарым-қатынастарды шектеп, барлық алдын алу шараларын сақтауды ескертеді. Себебі, вакцинадан соң ауруға қарсы иммунитет біртіндеп қалыптасады, екі екпенің аралығында адам қорғаныссыз және осал келетін көрінеді. 

Коронавирустық инфекцияның алдын алудың негізгі шараларының бірі – бетперде тағу ережесін қатаң сақтау. Өйткені, соның арқасында вирустың таралуы шектеледі. Жөтелгенде, түшкіргенде ауыз бен мұрынды бірреттік сүлгімен жауып, қолданған соң арнайы қоқыс ыдысына тастау керек. Арнайы әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қолды сабынмен жиі жуып, дезинфекциялық және тұрмыстық жуу заттарын қолдану да аса маңызды, - дейді Жамбыл облысы орталығының бас санитариялық дәрігері. 

Спикердің сөзінен білгеніміз, Тараз қаласында COVID-19 вирусына ПТР сынамасын тапсыру 6 зертханада жүргізіледі екен. Олар – Ұлттық сараптама орталығы, Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасы, СПИД орталығы, «Alatau clinik» ЖШС, «Инвиво» ЖСШ, «Олимп» клинико-диагностикалық зертханасы. 

Жауапты маманның айтуынша, қазіргі уақытта қала аумағында карантин режимінің сақталуын бақылауға 12 мониторингтік топ жұмылдырылған. Оның құрамында Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері, полиция басқармасының мамандары және қоғам белсенділері бар. Жамбыл облысы аумағында инфекция жұқтырғандар саны көбейген жағдайда карантин талаптары күшейтіле түсетін болады. 

Карантидік режимді бұзу фактілері көбіне тойханалар, компьютер клубтары, плейстейшн сияқты ойын орындары, бильярд, түнгі клубтар, дәріханаларда, сондай-ақ сауда орындарында орын алуда. Тараз қаласында 319 қоғамдық тамақтану орны болса, оның 165-і кафелер мен тойханалар. Мобильдік топтарымыз осы нысандарға барып, еліміз бен Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулысының орындалуын, шектеу шараларының сақталуын бақылап, санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деді Рита Алтынбасова. 

Былтырғы шілде айынан бастап жергілікті әкімдікпен құрылған мониторингтік топтардың анықтауымен полиция басқармасына 156 материал, №5 қалалық емхананың үйлестіру орталығынан жедел хабарлама арқылы 101 материал келіп түскен екен. Осы құжаттар негізінде ұжымдық іс-шаралар өткізіп, карантиндік режим талаптарын сақтамағаны үшін анықталған заң бұзушылықтар 295 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 63 миллион теңгенің көлемінде айыппұл салынған. Карантин тәртібін бірнеше мәрте бұзған 11 кәсіпкердің құжаттары әкімшілік соттың қарауына жолданған, оның 4 -уіне сот шешімі шығып үлгеріпті. Ал жыл басынан бері 97 материал бойынша 107 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 21 432 055 теңге көлемінде айыппұл салынған. Наурыз айындағы мерекелерге байланысты 20 материал түскен. 

Қазіргі таңда кәсіпкерлер тарапынан өз объектілерін жалға беру үрдісі көптеп орын алуда, яғни бір нысан карантиндік шектеуді бірнеше мәрте бұзғанымен, нысанға жауапты тұлғалар ауысып кетіп отырады. Сондай-ақ келіп түскен шұғыл хабарламаларда нысанның егесі нақты көрсетілмейді, оны анықтау уақыт алып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды дер кезінде жүргізуде қиындықтар туғызады, - деді қаланың бас санитар дәрігері.

Бұл орайда, қоғамдық көліктерге отыруға арналған орындардың толымдылығы сақталмайтын көрінеді. Яғни, автобус маршруттарының санының аздығынан, әсіресе «қарбалас сәт» уақытында жолаушылардың нығыздала мінуі жиі кездеседі. Сонымен қатар Тараз қаласындағы қоғамдық көліктер көлемінің кішілігі де бұл жағдайға кері әсерін тигізуде. Тағы да айта кетерлігі, кондукторлар қорғаныс қалқандарын пайдаланбайды. Жүргізушінің жұмыс орнын қоршау көзделмеген, жүргізушілер де қорғаныс қалқандармен қамтамасыз етілмеген.


Өзгелердің жаңалығы