Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалды

24 Сәуір 2019, 11:25
2380
Бөлісу:
Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалды
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қала активіне шаһардың жаңа басшысын таныстырды. 

Бұған дейін Қордай, Шу аудандарының әкімі болып қызмет атқарған Қайрат Досаев алдағы уақытта қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында нәтижелі еңбек ететініне сенім білдірген өңір басшысы, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

«Тараз қаласында шешімін күткен мәселелер аз емес. Атқарылатын жұмыс та өте ауқымды.  Сондықтан жаңадан тағайындалған әкім бұрынғы қабылданған шешімдердің өз дәрежесінде орындалуына бар күш-жігерін салады деп ойлаймын. Есеп беру жиынында тараздықтар шаһардағы түйткілді мәселелерге қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Сондықтан бұған ерекше назар аудару керек», - деген Асқар Исабекұлы қала тұрғындарының өтініштері мен сын-ескерпелері ескерусіз қалмай дер кезінде шешілуін үнемі назарда ұстауды тапсырды.

Қазір қаладағы түйткілдердің бірі жолдардың жай-күйіне байланысты туындап отырғаны жасырын емес. Аймақ басшысы осы мәселенің маңыздылығына қарай бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, көше жолдарының қалпына келтірілетінін, шағын аудандар да назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Дегенмен облыс әкімі кез келген істі нәтижелі ету үшін жүйелі жоспар жасау керектігін ескертуді ұмытпады.

Жаңа қызметіне кіріскен әкім Қайрат Әскербекұлы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға сөз берді.

Өзгелердің жаңалығы