Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың қазақтың ұлттық домбыра аспабына қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілген.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес «Технология және өнер» білім беру саласы бойынша «Музыка» пәні инварианттық компонентіне домбыра аспабын үйрету енгізілген. Аптасына 1-6 сыныптарында 1 сағаттан оқытылады. Сонымен қатар елімізде 160 музыка мектебінде 60 мыңдай оқушы оқиды. Қосымша білім беру саласында да домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Атап айтқанда, 468 үйірмеге 40 мыңдай оқушы қатысады, - вице-премьер.
Домбыраны насихаттау мақсатында домбыра әзірлеу және домбырада ойнауға үйрету бойынша шеберлік-сыныптар, ұлттық-қолданбалы өнер жәрмеңкелерін, дәстүрлі әуендер орындаушылардың фото көрмесін, домбырада ойнау сайыстарын, домбырашылардың концерттері мен музыкалық викториналар, конкурстар ұйымдастырылып жатыр.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын насихаттау мақсатында кешенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді.
Қазақтың дәстүрлі күй өнері ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Домбыра аспабында орындалатын қазақтың ұлттық «Ортеке» би өнері де аталған тізімге енгізілген. Сондай-ақ, елімізде күйшілер, домбырашылар, айтыскерлер одақтары жұмыс істейді, - делінген Дүйсенованың ресми жауабында.
Премьер-министрдің орынбасары теріс ағым жетегіндегі адамдармен жұмысты күшейту бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда уәкілетті орган құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, осы салада жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл ретте, деструктивті діни идеологияның халық арасында таралуына жол бермеу жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылып жатыр.Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен 2023-2025 жылдарға арналған спорт саласындағы деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған жол картасының жобасы әзірленді, - делінген вице-премьердің ресми жауабында.
Қазіргі уақытта дін саласындағы білім беру бойынша негізгі құжат – 14 мамандықтан тұратын «діни қызмет саласындағы кәсіби стандарт» әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар Үкіметте дін мәселесі бойынша өңірлердегі теолог мамандар мен құзырлы органдардың қатысуымен кездесу өтті. Солардың ұсыныстары негізінде әзірленген Жол картасының жобасы қосымша пысықталып жатыр.
Сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнаманы жетілдіру мәселесі («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы») жоспарланып отыр. Онда кейбір нормалар қайта қаралып, ұғымдар нақтыланады.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық аспап домбыраға қатысты сауал жолдап, домбыраны харам дегендер жайлы айтқан болатын.