Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысының Талғар қаласында жаңа №17 өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, гарнизон басшылығы мен жеке құрам өкілдері де қатысты.
Салтанатты шара барысында министр азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне жаңа өрт сөндіру депосының, заманауи өрт-құтқару техникасының және қызметтік тұрғын үйлердің кілттерін табыстады. Бөлімшенің материалдық-техникалық базасы өрт сөндіру автоцистерналарымен, автосатымен және жедел-құтқару автокөлігімен толықтырылды.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі республикалық бюджет есебінен ТЖМ-нің бұрынғы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің ғимаратын күрделі жаңғырту арқылы салынды. Бөлім Талғар қаласы мен оған іргелес орналасқан 17 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету аумағында 160 мыңнан астам тұрғын бар.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта өрт техникасына арналған гараж бокстары, диспетчерлік пункт, әкімшілік және тұрмыстық бөлмелер, оқу сыныбы, демалыс және асхана бөлмелері орналасқан. Екінші қабатта қызметкерлерге арналған қызметтік пәтерлер қарастырылған. Сонымен қатар жеке құрамның дене даярлығын шыңдауға арналған Batyr Team спорт аймағы ашылып, қажетті жаттығу құралдарымен жабдықталған.
Іс-шара барысында ТЖМ-нің ведомстволық наградалары мен Алматы облысы әкімінің марапаттары құтқарушыларға, жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне және жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға табысталды.
Жаңа нысан азаматтық қорғау жүйесін дамытуға, өртке қарсы қызметтің әлеуетін арттыруға және Алматы облысы тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.