Талдықорғанда Бейсен Құранбектің естелік тақтасы ашылды

23 Желтоқсан 2022, 13:22
1236
Бөлісу:
Талдықорғанда Бейсен Құранбектің естелік тақтасы ашылды

Талдықорғандағы Журналистер үйіне белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімі беріліп, естелік тақтасы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ширек ғасырдан астам ғұмырын журналистикаға арнаған Б.Құранбек "Qazaqstan" телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» сияқты хабарларымен халықтың жадында қалды. Ұзақ жыл «Жетісу» телеарнасын басқарып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында, Президенттік телерадиокешенде жұмыс істеді. Журналистер үйіне Бейсеннің атын беру көптің қалауымен іске асты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі жазды.

Талдықорғанда Бейсен Құранбектің естелік тақтасы ашылды

Журналист үйінің ғимаратында ескерткіш тақтаның ашылуына орай  салтанатты митинг өтті. Оған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Бейсен Құранбектің   жары Гүлмира Зербай, жақындары мен туыстары, достары, әріптестері және оны білетін, жақсы көретін, шығармашылығын бағалайтын басқа да адамдар қатысты.

Талдықорғандағы Журналистер үйіне дарынды журналист, тележүргізуші, қоғам қайраткері Бейсен Құранбектің есімін беруге арналған салтанатты жиынға қош келдіңіздер! Биылғы 20 қарашада облысқа арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы сүйінші жаңалықты көпшілік қауымға алғаш болып жеткізгенін білесіздер. Бұл ғимаратқа Бейсен Құранбек есімінің берілуі кездейсоқ емес. 2010 жылы Бейсеннің «Өңірдегі барлық журналистердің басын біріктіретін ғимарат қажет» деген ұсынысына сол кездегі және одан кейінгі облыс басшылығы қолдау көрсеткенін білеміз. Бейсен ғимараттың алғашқы нобайын әзірлеу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Бүгін, міне, Бейсекеңнің қолтаңбасы бар Жетісу төріндегі журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі беріліп отыр. Ол журналистік жолында халықтың мұң-мұқтажын бар зейінімен тыңдады, жүрегінен өткізді, шарқ ұрып мәселенің шешімін іздеді, игі іске жақсыларды жұмылдыра білді. Өзі өмірден өтсе де Бейсеннің атқарған ісі мен қалдырған ізі өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Оның мұрасы болашақта да ұлт мүддесіне қызмет ететініне сенемін, - деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

 

Талдықорғанда Бейсен Құранбектің естелік тақтасы ашылды

Сонымен қатар Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп «Өзі туған өлке Күреңбел өңірінде мәңгілік мекенін тапқан Шоқандай Бейсен де жарқ етіп өте шықты. Бірақ артына айта жүрер іс қалдыры кетті», - деп маңызды оқиғаға байланысты жылы лебізін білдірді. Сол сияқты Бейсеннің бауыры Сейсен Құранбек естеліктерімен бөлісіп,:

Бейсен ағам бізді «Етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері бол», - деп таңдаған мамандығымызды терең меңгеруге үйретті, спортқа баулыды, тәлімгеріміз болды. Бүгін біздің әулетіміз үшін қуанышты жайт. Журналистер үйіне Бейсеннің есімін беру туралы бастаманы қолдап, іске асыруға мұрындық болған барша жандарға ризашылығымды білдіремін, - деді С.Құранбек.

Талдықорғанда Бейсен Құранбектің естелік тақтасы ашылды

Мұнан соң қатысушылар мен қонақтар Журналистер үйінің фойесінде орналасқан Бейсен Құранбекке арналған еске алу бұрышымен және фотокөрмемен танысты. 

Іс-шараның жалғасы ретінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Қоғамдағы интеллектуалды журналистиканың қалыптасуы» атты өңірлік медиафорумның пленарлық сессиясына қатысып, 8 түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанған журналистерге облыс әкімінің сыйлығын табыс етті.

Өзгелердің жаңалығы