Арнайы тексерісті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облыстық департаменті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері бірлесіп өткізді, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу өңірінің жолдары кейінгі кезде көпшіліктің талқысында жүрген өзекті мәселенің бірі. Әсіресе өңір орталығындағы ел көп жүретін көшелердің дені сын көтермейді. Жаңбырдан соң лайға батқан халықтың арызы арнайы мамандардың араласуына жол ашты. Қалың қардан мұз құрсанған асфальттың беті көктем келе күн шуағын төккенде ойылып, шұрық тесіледі. Талдықорғандықтардың жыл сайын жарыса айтатын түйткіліне, осы жолы департамент қызметкерлері құлақ түрді. Жолға жауыпты мамандарды әңгімеге тартып, мәселенің мән-жайына үңілді, халықпен де дидарласты.
Жылда жолды жөндей бермей, неге сапалы асфальт салмайды. Осы жолдың кесірінен көлігіміздің дөңгелегі жарылып, хадовкасы құрып бітті. Әсіресе қала ішінде жүргізушілікпен айналысатын тұрғындарға обал. Олар да жетіскеннен елді тасып жүрген жоқ. Біз талай рет аталған мәселені қала әкіміне жеткіздік. Мердігер компаниялардың шала-пұла әрекеті көзге ұрып тұр. Мұны қалай қабылдайды, демек ауызбастырық. Мемлекеттің ақшасын аямайды. Жыл сайын қыруар ақшаға жөндейді. Оны ескеріп отырған ешкім жоқ, дейді қала тұрғыны Гүлнар Төребекова.
Талдықорған орталығындағы Сланов, Абай, Абылай хан, Уәлиханов көшелерін аралап, жырым-жырымы шыққан тас жолды көзбен көрген мамандар қысқа уақытта баяғы таз қалпына келген асфальт туралы ащы ақпаратты жетісулықтар https://adildik.kz сайтына жолдап, сапасыз жолға қатысты заң бұзушылықтың алдын алатынын баяндады.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының жетекшісі Дәулет Құлымбаевтың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын «Уәлиханов – Балпық би» көшелерін жасау үшін жарты миллион теңге қарастырылған. Тіпті, жөндеу жұмыстары келер жылы толық тәмамдалғандықтан мердігер компанияға бөлінген қаржы төленіп, қол алысып тарқасқан. Енді, бұл мәселеге жауапты Талдықорған қалалық әкімдігі жыл аяғына дейін ойылған жолды қалпына келтіруге уәде беруде. Егер жол айтқан уақыт ішінде жөнделмесе халықтың тілек-арызы қалыс қалмайды.
Ал Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Алтынбековтің айтуынша, Уәлиханов – Балпық би көшелерінің қиылысындағы тас жолдағы табандай шұңқырлардың халықтың төзімін тауысқанын айтып, «Высотник» ЖШС-не ескертілген. Сондай-ақ, ойылған жерді мамыр айының 15-не дейін жасау тапсырылыпты. Жол жасалмаған жағдайда сотқа беріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаменті Превенция және парасаттылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Өмірбеков бұл мәселе де жемқорлықтың да шеті көрініп тұрғанын жасырмады.
Бүгінгі біздің рейд облыс орталығындағы жолдың мәселесін анықтауға арналды. Биыл жыл басынан бастап «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» атты жоба іске қосылған болатын. Соған орай әрбір өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа бейім 5-6 сала анықталды. Жетісу облысында автомобиль жолдары, жер қатынастары, тұрғын үй, құрылыс, медицина және салық сынды салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым болып отыр. Осыған орай жолға қатысты тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Оған әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер мен мемлекеттік органдардың талаптары негіз болып тұр. Сол үшін «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп бүгінгі шараны өткізіп отырмыз», деді Бақытжан Өмірбеков.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар мекемелер мен мамандар бәрібір заң алдында жауап береді. Істі толыққанды тексеріп, нәтижесін бөліспек ниетте.
Негізінде, шаһардағы жол жұмыстарымен онға жуық мердігер компания айналысады. Олар берілген қызметін аяқтаған соң, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары тексеріп, жұмысты қабылдап алады. Атқарылған жұмыстан олқылық шықса, мамандар қабылдамауға құқылы. Бүгінде қаладағы 9 көшеге жөндеу жұмыстары басталған. Олардың ішінде «Шайқорған», «Үйтас» саяжайлары бар. Одан бөлек, «Жастар – 1», «Солтүстік – Батыс» тұрғын аудандары мен 8-9 шағын аудандарында жаңа асфальт төселіп жатыр.
Жалпы, көше жолдарының осындай жағдайға жетуіне көптеген себеп бар. Атап айтсақ, жылыту құбырларының жарылғанда бүтін асфальтті қазуға тура келеді. Сондай кездейсоқ жағдай туғанда «Талдықорғанжылусервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жап-жаңа асфальт жабындысын қазуына қала әкімдігі амалсыздан рұқсат береді. Әыткенмен жарылған құбыр жөнделгенімен тас жол баяғыдай сапалы қалпын сақтап қала алмайды. Соның салдарынан жүргізушілер мен тұрғындар әбігерге түседі.
Ол ол ма, ауа райының да күрт суып, кнрт жылуы жолдың тез ойылуына әкеп соғады. Ал табиғаттың қылығына адамның күші қауқарсыз. Қыстың қақ ортасында жауған нөсер жаңа асфальтты тоңға айналдырып, артынан ұйытқи соққан дауыл жолдың жарылуына апарады. Ал көктем шыға ары-бері заулаған автокөлік жарылған жолды одан әрмен үгітіп, қиыршығын жан-жаққа шашады. Міне, ары қарай жолдың жайы айтпаса да белгілі. Оған үлкен де ауыр камаз секілді салмақты көліктерді қосыңыз. Тіпті ол аз десеңіз сапасыз жұмыстың да шеті шығатыны анық. Қанша мықты дегенімізбен бәрібір әртүрлі факторларлың әсерінен жол ескіреді. Ал, азабын шегетін тағы да қарапайым халық…