Оған себеп – қаладағы жаңа аудандарды көркейту жұмыстары. Соңғы 2 жылда облыс бюджетінің басым бөлігі ауылдардың инфрақұрылым желілерін дамытуға бөлінген еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алдағы екі жылда қала іші көркейіп, аумағы ұлғаяды. Жаңа аудандар пайда болып, тұрғын үй құрылысы артады. Жетісу облысы алғаш құрылған сәтте, халық саны едәуір азайған еді. Қазір қайта көбейіп келеді. Себебі кәсіпорындар мен қатар шағын шаруалар саны өскен.
Жұмыс болса халық ешқайда көшпейді. Жетісу облысы құрылған сәтте барлығы Алматыға қарай ағылды. Оған себеп жоқ та емес, аграрлы өңірдің болашағына ешкім сенбеді. Мәселен, алыстағы ауылдардың көбінде жыл сайын халық саны азайып жатыр. Мектептердің ішінде бала саны аз. 600-700 орындықтық білім орындарында бар-жоғы 100-150 бала оқиды. Жұмысқа кеткендері қайтіп ауылға оралмайды. Аграрлы жерде ауыл шаруашылығынан басқа ештеңе жоқ. Дегенмен, сол түсінік қазір өзгергендей. Көшуге оқталғандардың дені оралуда, - дейді қала тұрғыны Еділ Жанқияров.
Бүгінде қала әкімі Ернат Бәзіл қысқа мерзімде қаланың кешенді даму жоспарын дайындап жатыр. Әуелі тұрғын үй құрылысына, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, нақтылап айтсақ жылу, сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау желілеріне және жол құрылысына басымдық беріледі.
Облыс орталығы Талдықорған қаласының көркейгені тиімді, ол – өңірдің айнасы. Сол үшін аулаларды абаттандыру, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жаңарту, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Шаһар тұрғындары үшін қолайлы қалаға айналса дейміз. Әсіресе шеткі аймақтарда тұратын азаматтар жайлы тұрмыс жағдайларын сезінуі тиіс, - дейді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.