Талдықорғандағы екі саяжайға көпір салынды

20 Қараша 2020, 05:38
955
Бөлісу:
Талдықорғандағы екі саяжайға көпір салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорғанға қарасты екі саяжайда заманауи көпір салынып, пайдалануға берілді. Бұл халықтың бірнеше жылдар бойы көтерген мәселесі болатын.

Себебі ескі көпір аспалы болғандықтан адам өміріне өте қауіпті еді. Көлікті былай қойып, адам жүргенде дірілдеп, қозғалатын. Мәселен Шайқорған саяжайында көлік жүретін көпір мүлдем болмаған. Халық аспалы, жаяу жүргіншілер өткелімен ғана жүретін. Ал өзеннің арғы бетіне көлікпен өту үшін әбден шарқ ұрып шарлайтынбыз дейді, тұрғындар. 

Бұған дейін бұл жерден көлік өте алмайтын болған. Ар жақта тұратын көліктер анау жердің түбін айналып, тубдиспансерді айналып, әбден сондай әуреге түсуші еді.Көпір жауын-шашында теңселіп тұрады. Балалар үшін қорқушы едік. Бағымызға қарай көпірді салып, халқымыздың игілігін ойлап, салып берді. Басшыларға мыңда бір алғысымды айтамын, - деді Талдықорған қаласына қарасты Шайқорған саяжайының тұрғыны Қуаныш Тәшібаев. 

Тура Шайқорғанжағыдай су жаңа көпір Қызыл тас саяжайында да пайдалануға берілді. Ал бұл халықтың осы күнге дейін пайдаланған көпірі шұрық тесікке толы, үстімен көлік жүргенде дірілдеп, үзіліп кететіндей үрей тудыратын. Енді міне Талдықорғанға қарасты саяжайлар осылай көркейіп келеді. 

Бұл көпірлер жергілікті тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруына қолайлы болады деп ойлаймын. Біз қаланың орталығын ғана емес, шеткі аумақтарын, соның ішінде саяжайларды да көркейту жұмыстарына тұрақты көңіл бөліп келеміз. Ауыз су, электр жарығы, жол және басқа да инфрақұрылымдар жүргізіліп, халықтың тұрмысына қажетті жағдайлар жасалуда. Желтоқсандағы мерекелер қарсаңында облыста көптеген жаңа нысандар ашылады. Соның ішінде Талдықорған қаласында еліміздегі теңдесі жоқ жабық жүзу бассейні іске қосылады. Көп балалы отбасыларға 200-ден астам коттедж үйлер беріледі. Осының бәрі тұрғындар үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр, - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. 

Айта кетейік, халықтың игілігіне берілген Талдықорғанға қарасты Қызыл тас, Шайқорған саяжайларындағы екі көпір 595 млн теңгеге салынды.

Өзгелердің жаңалығы