«Тағзым» мемориалы азаматтардың қаңтар құрбандарын еске алатын орны болады - Қазбек Майгелдинов

23 Желтоқсан 2022, 18:41
856
Бөлісу:
«Тағзым» мемориалы азаматтардың қаңтар құрбандарын еске алатын орны болады - Қазбек Майгелдинов

Алматыда ашылған «Тағзым» мемориалы азаматтардың қаңтар құрбандарын еске алатын орны ретінде болады. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Алматыда Мемлекет басшысы қаңтар құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу салтанатына қатысқан болатын.

Мемориалдық кешеннің ашылуын саяси символика тұрғысынан қарастыруымыз керек. Өйткені саяси символика – ерекше қоғамдық қатынастарды білдіретін ұғым. Сонымен қатар ол азаматтық қоғамның қатыстылығын қандай да бір үрдіске біріктіруші күшке ие. Кешеннің ашылуының осындай маңызды мәні бар. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, қаңтар қырғынына бір жыл толуы қарсаңында құрбандарды еске алуымыз өте маңызды, - деді саясаттанушы.

Сөзінше, мемориал азаматтардың қаңтар құрбандарына тағзым ету орны ретінде саналады. Екінші жағынан, бұл - үлкен сабақ.

Қаңтар оқиғасы – біздің Тәуелсіздік тарихымызда ерекше орын алар оқиға. Оның салдары әлі кұнге дейін шешіліп жатыр. Дегенмен ол тарихи өзгеріс кезеңі деп есептеледі. Сондықтан құрбандарға тағзым ету, олардың тарихтағы орнын шегелеп, анықтау маңызды болды. Өздеріңіз білетіндей, 86 жылдағы оқиғаға байланысты желтоқсан құрбандарына арналған арнайы ескерткіш бар, - дейді Қазбек Майгелдинов.

«Тағзым» мемориалдық кешені үш бөліктен тұрады: қара, сұр және ақ. Мұның да өзіндік мәні бар. Олар – қорқыныш, күрес және жарқын болашақ. 

Өзгелердің жаңалығы