- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Тағы бір ел жасөспірімдерге әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды
Тағы бір ел жасөспірімдерге әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды
Бұған дейін бірнеше ел 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салып үлгерген болатын.
Бүгiн 2026, 17:31
Бүгін 1 шілдеден бастап Малайзияда жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынатыны белгілі болды. Малайзия жасөспірімдерге желіге кіруге шектеу қойып жатқан жалғыз ел емес. Бұл мәселе Қазақстанда да талқыланған болатын. BAQ.KZ тілшісі әлеуметтік желіні жасөспірімдерге шектеген елдерге шолу жасады.
Аустралия
Аустралия – әлемде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салуды алғаш енгізген ел. Бұл шешімді көптеген ата-ана қолдаған. Үкіметтің мәлімдеуінше, балалар әлеуметтік желілерде түрлі қауіп-қатер мен теріс әсерге ұшырайды. Сонымен қатар әлеуметтік желі платформалары қолданушыларды экран алдында көбірек уақыт өткізуге ынталандыратындай етіп жасалған, ал бұл олардың денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсер етеді.
Шектеу TikTok, YouTube, Instagram, Snapchat, Facebook, Reddit және X сияқты ірі платформалардың басым бөлігіне қатысты.
Сонымен қатар жаңа талаптар WhatsApp мессенджеріне, электрондық пошта сервистеріне, онлайн ойындарға және білім беру жобаларына қолданылмайды. Егер платформалар бұл талаптарды орындаудан бас тартса, оларға 49,5 млн аустралия долларына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл шамамен 33 млн АҚШ долларына немесе 30 млн еуроға жуық сома.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Австралия 5 млн баланың аккаунтын өшірді.
Индонезия
Индонезияда да балалардың әлеуметтік желі мен цифрлық платформаларға қолжетімділігін шектеу шаралары күшейтілді. Елде биыл наурыз айынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға порнография, кибербуллинг, онлайн алаяқтық және интернетке тәуелділік қаупі бар цифрлық платформаларды пайдалануға тыйым салатын жаңа үкімет қаулысы күшіне енді.
Нормативтік құжат наурыз айының басында бекітілген. Оның талаптары барлық платформа толық орындағанға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Осы шектеуді енгізу арқылы Индонезия Оңтүстік-Шығыс Азияда балалардың әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларда аккаунт ашуын шектеген алғашқы ел атанды.
Жаңа ережелер Facebook, Instagram, Threads, YouTube, TikTok, X, Bigo Live және Roblox платформаларына қатысты.
Индонезияның байланыс және цифрлық технологиялар министрі Меутя Хафидтің мәліметінше, жаңа талаптар шамамен 280 млн халқы бар елдегі 70 млн балаға әсер етеді.
Франция
Франция да балаларға әлеуметтік желіні шектеуді қолдайтын елдердің қатарында. Қаңтарда Франция президенті Эммануэль Макрон балалар мен жасөспірімдердің эмоциялары «америкалық платформалар мен қытайлық алгоритмдердің тауарына айналмауы және манипуляция құралы болмауы тиіс» деп мәлімдеген.
Франция Сенаты балаларға әлеуметтік желілерді шектеу идеясын қолдағанымен, оны жүзеге асыру тетіктеріне қатысты үкіметпен келісе алмай отыр.
Сәуір айында Сенат мүшелері 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді қолдануын шектеу жоспарын мақұлдады. Бұл бастама Еуропаның көптеген елдері кәмелетке толмағандарға арналған ұлттық шектеулерді талқылап жатқан кезеңде көтеріліп отыр.
Қаңтарда заң жобасын қабылдаған Ұлттық жиналыс – парламенттің төменгі палатасы – әлеуметтік платформалардан 15 жасқа толмаған балалардың аккаунттарын жоюды және осы жастағы жаңа қолданушыларды тіркемеуді талап етіп отыр.
Сонымен бірге төменгі палата жоғары сыныптарда ұялы телефон қолдануға тыйым салуды да қолдайды.
Еуропалық одақ
Еуропалық одақ биыл жазда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізуі мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен айтты.
Қазір Еуроодақ елдерінің бірқатары мен одан тыс мемлекеттер де «цифрлық кәмелет жасы» тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.
Еуропалық шенеуніктердің айтуынша, негізгі мақсат – кәмелетке толмағандарды қауіпті контенттен және әлеуметтік желіге тәуелділіктен қорғау. Сонымен қатар олар медиакомпанияларды ЕО ұсынымдары мен заң талаптарын орындауға асықпай отыр деп сынады.
Урсула фон дер Ляйеннің сөзінше, технологиялар балалар мен жасөспірімдердің өміріне бұрынғыдан да терең еніп барады.
Технологиялардың өте жылдам дамып жатқанын және олардың балалар мен жасөспірімдер өмірінің барлық саласына еніп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан әлеуметтік желілерді пайдаланудың ең төменгі жасын белгілеу мәселесін енді елемеуге болмайды. Іс жүзінде ЕО-ға мүше елдердің барлығы мұндай шектеудің қажеттілігін бағалауға шақырып отыр, – деді ол.
Осылайша Еуропада балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі ұлттық деңгейден ЕО деңгейіндегі ортақ саясатқа айнала бастады.
Малайзия
Малайзияда 1 маусымнан бастап 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салынды.
Жаңа шектеулер Facebook, Instagram, TikTok және YouTube секілді ірі платформаларға қатысты. Енді компаниялар жаңа қолданушылардың жасын мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеруге міндетті болады.
Талаптарды орындамаған платформаларға 10 млн ринггитке дейін, яғни шамамен 2,5 млн доллар көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Малайзия билігі бұл шектеулер балаларды интернеттен толық шектеу үшін емес, зиян контенттен қорғау мақсатында енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа норма платформалардың, ата-аналар мен қамқоршылардың балалар қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Ережеге сәйкес, әлеуметтік желі әкімшіліктері бұрын тіркелген қолданушылардың жасын алты ай ішінде қайта тексеруге міндетті.
Малайзия соңғы жылдары интернеттегі қауіпті жарияланымдардың көбеюіне байланысты платформаларды қатаңырақ реттеуге көшті. Шектеулер аясында нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырады деп танылған контентке, сондай-ақ монархияны сынайтын материалдарға да бақылау күшейтіледі.
Қазақстан
Қазақстанда да 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу мәселесі қаралып жатыр. Қазір бұл норма үкімет деңгейінде талқыланып жатыр.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов үкімет кулуарында журналистерге айтқан болатын.
Оның сөзінше, тиісті түзетулер пакеті әзірленіп қойған. Құжатқа балалардың онлайн платформаларға қолжетімділігін шектеуге қатысты нормалар енгізілген.
16 жасқа дейінгі балалардың тіркелуін шектеу туралы норма бар. Бірақ оны іске асыру тетіктері әзірге нақтыланбаған. Біз бұл норманы заңға әдейі енгізіп отырмыз. Қазір мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр, – деді Кочетов.
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы әзірге Парламент қарауына түспеген.
Осылайша Қазақстан билігі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесін заңнамалық деңгейде қарастырып жатыр, алайда нормалардың қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз.
Біз бұған дейін Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін екенін жазған едік.
Тағы оқи отырыңыздар:
Балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салу дұрыс па?
Балаларға арналған заңсыз контенті бар 7 мыңға жуық сайт бұғатталды
Ең оқылған:
- Астанада бір мезетте бірнеше үйден өрт шықты
- Астанада жол үстінде көлік өртенді: Зардап шеккендер бар
- WBO Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынағына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді
- LRT екі аптада 1 миллион жолаушыны тасымалдады
- Астаналық ер адам автобустағы балағат сөздері мен агрессивті әрекеті үшін 15 тәулікке қамауға алынды
Сымбат Сатыбалдина