Табиғи таза ет өнімдерін өндіру үлкен маңызға ие – түркиялық ғалым

11 Ақпан 2019, 20:58
2197
Бөлісу:
Табиғи таза ет өнімдерін өндіру үлкен маңызға ие – түркиялық ғалым

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Халықаралық қысқы мектеп-2019» шарасы өтіп жатыр.


 Алқалы жиынды университеттің ректоры Тлектес Есполов өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қысқы мектеп жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналып отыр. Биылғы мектептің жұмысы Жастар жылының басталуымен сай келуде. Басты міндетіміз жастардың толыққанды білім алуына жағдай жасау»,-деді ректор.

Аталған шараға шетелден аграрлық салада қызмет етіп жүрген ғалымдар мен мамандар қатысуда. Солардың бірі Беларусия аграрлық техникалық университеті атынан келген Валерий Чеботарев. Сөз арасында ол екі университет арасында тығыз байланыс орнағанын айтып өтті. 

«Қазақстанның аграрлық салада әлеуеті зор. Беларус аграрлық техникалық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті астық өнімдерін жинауға арналған заманауи техникаларды бірігіп шығаруды қолға алып отыр. Оларды Қазақстан аумағында тиімді пайдалануға болады және ол үлкен маңызға ие»,-дейді ол.

Сондай-ақ Түркияның Кириккале университетінің доценті Ахмет Азкур қазір табиғи таза ет өнімдерін өндіру үлкен маңызға ие екенін айтады.

«Түркияда көптеген жаңа жобалар жұмыс істеп жатыр, солардың бірі мал өнімдерін, ауылшаруашылық өнімдерін дамыту және оны сыртқа экспорттау жолдарын қарастыру. Сонымен қатар сыртқа табиғи таза өнімдерді шығаруды қолға алып отырмыз. Біздің ел қазір текстилді ғана емес, мал өнімдерін де көптеп шығаруда. Ет өнімдерін шығаруда барлығымызға ортақ мәселе бар, ол таза табиғи ет өнімін шығару болып отыр»,-деді ол.

Әділет МҰСАХАЕВ
Фото: Автордан
Өзгелердің жаңалығы