Түйетауықтың табысы шаш-етектен

4 Наурыз 2020, 09:25
3975
Бөлісу:
Түйетауықтың табысы шаш-етектен

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық Айнұр Сейдалиева "Бастау Бизнес" жобасы аясында білімін жетілдіп, кәсіптің осы түрін таңдап алыпты.

Рас, құстың бұл түрін бағып, өсірудің де өз қиындығы мен машақаты бар. Байзақ ауданында тұратын ару соған қарамастан нәсібін түйетауық бизнесінен айыруды жөн көрген.

Кәсіпкерлікке келмей тұрып, аймақтық медбике болып жұмыс істеген Айнұр біршама уақыт жұмыссыздықты да бастан кешірген. "Бастау Бизнес" жобасы аясында білімін жетілдірген соң, 505 мың теңгенің көлемінде қайтарымсыз грантты ұтып алады.

Содан кейін көп ойланған жоқпын, өткен жылдың қараша айында Талас ауданына қарасты С.Шәкіров ауылындағы құс фабрикасына жол тарттым. Қолымдағы қаражатқа 98 бас түйетауық балапаны келді. Шаруам мұнымен біткен жоқ. Тағы да қосымша қаражат қосып, құстарды азықтандыратын дәрумендерге бай жем түрлерін іздеп, оны тұрақты алатын орын тауып алдым, – деген ол нарықта құс еті мен жұмыртқаға деген сұраныстың жоғары екенін сол кезде-ақ байқағанын айтады.

Айнұр Сейдалиева қазіргі таңда кәсібінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Құс басын көбейтуді мақсат еткен ол жұмыртқа мен балапандарын сатып, пайда көзіне айналдыруда. Ал жұмыртқа баспайтын түйетауықтарды сойып, дайын етін дүкендерге немесе тапсырыс берушілерге өткереді.

Нақтырақ айтқанда қолымдағы бар кәсіппен шектеліп қалмай, кәсібімді одан ары кеңейткім келеді, – дейді жас кәсіпкер.

Айнұр Саятқызының айтуынша, өзінің түйетауық бағып-қағудан бұрыннан хабары бар көрінеді. Оның ата-анасы да біршама құс
шаруашылығымен айналысыпты.

Жем талғамайтын үй құстарының бірегейі — түйетауық. Оның балапандары бес айда – 7-8, ал бір жылда – 12-14 киллограмға дейін салмақ қосады. Оның бір келісі базарда 1500-1600 теңгеге пұлданатын болса, дүкендерде 2000 теңгеден саудаланады. Алғаш сатып алып келгенде балапандардың салмағы небәры 3-4 киллограмм еді, ал қазір әрқайсысының салмағы 8-ден 13-14 киллограмға дейін тартады, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы