Тәуелсіздік күніне орай көрме өтіп жатыр

13 Желтоқсан 2019, 16:33
11009
Бөлісу:
Тәуелсіздік күніне орай көрме өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Есік қаласындағы "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Тәуелсіздік күніне орай "Ұлы даланың сақ өркениеті және Таңбалы – тарихтан сыр шертеді" атты  көрменің ашылуы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Тәуелсіздік күнінің маңызын, еліміздің бүгіні мен болашағын терең тарихымызбен байланыстыра отырып насихаттау. Ұлы даланың сақ өркениеті көрмесінде сақ-үйсін кезеңіне жататын (б.з.д V-III ғ.) 2019 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылдық округіне қарасты Тоғызбұлақ ауылынан кездейсоқ табылған қуыс тағанды қола қазанның таныстырылымы жасалды. 

WhatsApp Image 2019-12-13 at 12.10.08 (1).jpeg

Бұған дейін қазанды ауыл тұрғыны Тергеусизов Фархат пен Исабаев Медет және журналист Мақсат Ясылбайұлы музейге сый ретінде табыстаған болатын. Қазанның биіктігі (Һ) – 53 см, қазан тереңдігі – 36 см, ернеуінің диаметрі – 55-58 см, ернеуінің биіктігі - 3 см, қалыңдығы – 0,5 см,тұғыр биіктігі (тұғыр конус тәріздес) – 17 см, табанының диаметрі – 23,5 см, жоғарғы жағының диаметрі – 15 см. тұғыр жиегінің қалыңдығы 5-8 см, құлақтарының ені 14х5 см. Жарты сфера пішінді, ернеу тұсына қарай тарылған. Ернеуі сытқа қарай көлбеуленген, қазан бүйірі бедерсіз, кейіннен бір бүйірінде ай тәріздес 19х13 см. жарық пайда болған және ол екі тұстан (сырты мен ішкі тұстан) металмен жамалған. Бүйірінің жоғарғы жағында доға тәрізді екі тұтқа бірге құйылған. 

WhatsApp Image 2019-12-13 at 12.06.24.jpeg


Табылған тарихи олжаларды сақтау үшін арнайы орын болу керек. Ол орын - музей. Ел азаматтарының бізге аманаттап тапсырған жәдігерлерін біз барлық талаптарға сай сақтаймыз және оны болашақ ұрпаққа бабадан қалған мұра ретінде жеткізу жолында жасап жатқан істеріміз кейінгіге өнеге, үлгі болмақ. Ұлттық мәдениетіміз бен тарихи құндылықтарымызды дәріптейтін музей ісін дамытып, заманауи тұрғыда жұмысын жолға қою, туристерге қолайлы жағдай жасау біздің басты мақсатымыз болып қала береді - дейді "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаев.

WhatsApp Image 2019-12-13 at 12.10.08 (3).jpeg

Сонымен қатар музейде "Таңбалы" мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейініңжылжымалы көрмесінің ашылуы салтанаты өтті. Көрмеде "ЭКСПО – 2017" мамандандырылған көрмесіне арнайы жасатылған 4-топ петроглифтерінің 118 жазықтығының көрінісінің панносы, виртуалды тур көрсетілген электронды планшеттер мен қазба жұмыстарында табылған қыш ыдыстар қойылды. 

WhatsApp Image 2019-12-13 at 12.06.29.jpeg 

2004 жылы "Таңбалы" археологиялық ландшафтының жартас суреттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. "Таңбалы" қорығында әлемде сирек кездесетін петроглифтер, ежелгі адамдардың қоныстары сақталған. Жалпы айтқанда жоғалып кеткен дала өркениетінің табиғатпен үндесуі арқылы бүгінге жеткен шежіресі іспеттес. Бүгінгі бірлесе өткізіп жатқан көрмені маңызды бастама деп айта аламыз. Бұл музей саласының қызметкерлеріне тың серпіліс, ерекше қарқын береді - дейді "Таңбалы" мемлекеттік тарихи-мәдени және қорық-музейінің ғылыми қызметкері Қуаныш Нұрмақсұтов.

WhatsApp Image 2019-12-13 at 12.10.08.jpeg

Айта кетейік, іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, елімізге белгілі тарих ғылымдарының кандидаты, жетекші археологтардың бірі Смайлов Жұман және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы "Геоархеология" Халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бексеитов Ғалымжан сынды археологтар мен ғалымдар қатысып, археология саласының бүгіні мен болашағы туралы айтты.

Өзгелердің жаңалығы