25 қазанда Алматыда Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарын тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шараға әкімдік пен ұлттық парк қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер және табиғат жанашырлары қатысты.
Акцияның басты мақсаты – табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, Алматының бірегей табиғатын сақтауда тұрғындар мен туристердің жеке жауапкершілігін арттыру.
Тау шатқалдары – қаладағы туристер ең көп баратын орындардың бірі. Туристер саны артқан сайын қоршаған ортаға түсетін жүктеме де көбейеді. Тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілгенімен, кейбір келушілер қоқыс жинамай кетіп, табиғи аумақтарды ластап, экожүйеге зиян келтіруін жалғастырып келеді.
Таулардың тазалығын сақтау – коммуналдық және табиғат қорғау қызметтерінің ғана емес, әрбір келушінің де жауапкершілігі. Адамдар табиғатқа жанашырлық танытпаса, тіпті ауқымды экологиялық акцияның өзі бұл мәселені шеше алмайды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы қаласының Полиция департаменті таулы аумақтарды бақылау мен патрульдеу шараларын күшейтті. Тазалықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және экологиялық бақылауды күшейту жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
Алматы тауларының тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Табиғат аясында демалуға келген әрбір адам қоқыс қалдырмай, қоршаған ортаға ұқыпты қарау сынды қарапайым қағиданы ұстануға тиіс.