Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік сатып алудағы тауарлар құны 43%-ға артқан

8 Маусым 2020, 13:31
1338
Бөлісу:
Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік сатып алудағы тауарлар құны 43%-ға артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің Facebook парақшасында өткен тікелей эфир барысында мемлекеттік сатып алу бағасын көтеру бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан аймақтарды атады.

Егер өңірлер бойынша айтатын болсақ, бағаны жоғарылатқан аймақтар бойынша бірінші орында Маңғыстау облысы, екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы, содан кейін Атырау облысы тұр. Тізімнің соңында Шымкент, Түркістан және Алматы облыстары келеді, - деді Ербол Өстеміров.
Басқарма төрағасының орынбасары қолданыстағы жүйе заң бұзушылықтың болған-болмағанын анықтамайды, тек болжап береді.
Бізде жүйе компьютерлерді 1 млн теңгеге сатып алғанын көрсеткен жағдай болды. Негізі компьютерлердің құны шамамен, 200-250 мың теңгенің айналасында болатыны белгілі. Бұл арада бағаның көтерілгені туралы ой бірден туындайды. Кейін, бұл нашар еститін адамдарға арналған компьютерлер екені анықталды, олардың өзіндік техникалық ерекшелігі бар. Бұл жағдайда бағаның көтерілгеніне нақты негізделген себептер болды, - деді ол.

Ербол Өстеміров елдегі төтенше жағдай режимі кезінде мемлекеттік сатып алудағы тауарлар құнының артқанын жеткізді. Оның айтуынша, тауарлардың құны 43%-ға көтерілген.
Төтенше жағдай режимі кезеңінде сатып алудың жаңа тәртібі енгізілген болатын, онда мерзімі сәл асып, әлеуетті жеткізушілерге қойылатын талаптар да өзгерді. Біз бір жағынан, бұл жағдай мемлекеттік органдарға ТЖ режимі кезеңінде қажетті қандай да бір тауарларды немесе қызметтерді жылдам сатып алуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Алайда, екінші жағынан мұндай жеделдік сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды. Біздің жүйе ТЖ режимі кезінде тауарлардың құны 43%-ға артқанын көрсетіп отыр. Демек, мемлекеттік органдардың кейбір лауазымды тұлғалары қандай да бір сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасау үшін осы ерекше тәртіпті пайдаланды, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ербол Өстеміров "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген шаралар нәтижесінде, ағымдағы жылдың 5 айында 2 миллиард 800 миллион теңге бюджетке қайтарылғанын мәлімдеген еді.




Өзгелердің жаңалығы