Түркістанда мүгедектігі бар 1152 адам жұмыспен қамтылды

3 Қазан 2020, 17:18
1204
Бөлісу:
Түркістанда мүгедектігі бар 1152 адам жұмыспен қамтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Мәжілісте үйлестіру кеңесінің мүшелерімен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары мен қолжетімді орта құру туралы мәселе қаралды. 

Бүгінгі таңда облыста 94,9 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тұратын болса, олардың ішінде 23,4 мыңында тірек-қимыл аппараттары бұзылған, 11,7 мың азаматта ментальды функциялары бұзылған, ал 15,3 мың азаматтың көру және есту қабілеттері жағынан мүгедектер.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап мүгедектердің қызметтерді оңтайлы пайдалануына жағдай жасау мақсатында әлеуметтік қызметтер порталы енгізілген. Портал арқылы мүгедектігі бар тұлғалар өздерінің жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып оңалту құралдары мен қызметтерін өздері таңдайтын болады. 

Сонымен қатар, еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі бойынша Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен облыста жыл басынан 1152 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылған. Олардың ішінен 332 адам тұрақты жұмыспен,  820 адам уақытша жұмыспен қамтылып отыр.

Алдағы уақытта мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау үшін бюджеттен бөлінген 4,6 млрд.теңгеге оларды 37 324 көмекші құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамту күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы