Түркістан облысында аспан астында ашық бассейн салынуда

19 Қыркүйек 2019, 08:45
2287
Бөлісу:
Түркістан облысында аспан астында ашық бассейн салынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты сала жетекшілерімен бірге Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов даңғылының бойында орналасқан «Желілік саябақ» жобасының барысын бақылап қайтты, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Құрылыс қазаны қайнаған аумақты аралап шыққан аймақ басшысы жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді.

«Облыс орталығына сай бұл бақта Түркістанның брендіне айналатын негізгі жобалардың бірі - «Керуен жолының» құрылысын тездету керек. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ыңғайлы да сапалы болғаны жөн. Ең алдымен балаларға арналған алаңқайлардың көрікті де қызықты, барлық талапқа сай сапалы да қауіпсіз болуы міндетті. Көгалдандыру жұмыстарын осы бастан қолға алып, гүлзарлармен абаттандыру қажет. Көпжылдық ағаштармен айналаны жасыл желекке бөлеу керек», – деді Өмірзақ Естайұлы.

11 гектар аумақта орналасқан ауқымды бақта аспан астында орналасқан ашық бассейннің құрылысы да қызу жүріп жатыр. Ұзындығы 67 метр болатын қос жүзу алаңының жобасы қазақстандық маманның қолынан шыққан. Әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан спорт аумағы да жасыл желекке оранып, халықтың сүйікті демалыс орнына айналары анық.

Сондай-ақ, өңір басшысы Түркістан магистралды су арнасының күрделі жөндеу жобасының жұмысын көрді. Осыған дейін жер арық болған аумақ толықтай бетондалып, арнасы өзгертілген. Алдағы уақытта 26,5 мың га суармалы жерлер тұрақты түрде ағын сумен қамтамасыз етіліп, қаланың толық көгалдандырылуына мүмкіндік тумақ. Аймақ басшысы тиісті салалық жетекшілерге жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен уақытылы аяқталуына баса назар аударып, бақылауды күшейтуді жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы