Түркістан облысында 41 ҰОС ардагері бар

16 Сәуір 2020, 20:25
6393
Бөлісу:
Түркістан облысында 41 ҰОС ардагері бар

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 41 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олар кешегі сұрапыл соғыстың көзі тірі майдангерлері, қазіргі ұрпақтың мақтанышы. 

Биыл Үкіметтің Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу туралы қаулысы шыққан болатын. Осыған орай, өңірде айтулы мерекеге дайындықтың барысы қалай болып жатқаны жөнінде Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мадина Есімова баяндап берді.

Жыл өткен сайын ардагерлер қатары сиреп келе жатыр. Қазіргі ұрпақ кешегі сұрапыл соғыста Ұлы жеңісті жақындатқан сол ардагерлерді ардақтап, құрметтеуі тиіс. Айта кетейік, 2020 жылдың 1 наурызындағы жағдаймен 8645 адам, оның ішінде 41 Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер – 267 және 8337 тыл еңбеккері есепке алынған.

Басқарма басшысының орынбасары Мадина Ахметқызының айтуынша, облыстық деңгейде Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу мақсатында облыс әкімінің 8 сәуірдегі өкімімен өңірлік комиссиясының құрамы бекітілген.

Аталған комиссияның құрамына мүдделі басқармалар мен департаменттердің басшылық лауазымындағы қызметкерлері мен аудан, қала әкімдері енгізілді. Іс-шаралар жоспарына сәйкес соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарды біржолғы материалдық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында және бірыңғай мерекелік медальмен наградтау үшін олардың саны жүйелі түрде нақтыланды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігі мереке қарсаңында материалдық көмек төлеуге шығыстарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруды және материалдық көмек мөлшерінің бірыңғайлылығын сақтау мақсатында санаттар бойынша материалдық көмектердің мөлшерін көздеуді ұсынды, - деді Мадина Есімова.

Оның сөзінше, биыл Ұлы Отан соғысына қатысқан 41 ардагерге 1 миллион теңгеден, 8602 тыл еңбеккері, қаза болған жауынгердің жесірлеріне – 30 000 теңге, блокадалық Ленинградтың тұрғындары, концлагерьлердің бұрынғы тұтқыны болған 2 адамға – 60 000 теңгеден беріледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда аталған санаттар бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, бір реттік материалдық көмек осылайша 8645 адамға ұсынылады. Көмектің жалпы көлемі 41 258,3 млн теңгені құрайды.

Бүгінде соғыс ардагерлерінің тұрғын үйлерін жөндеу мәселелері аудан, қала әкімдерінің бақылауында тұр. Ардагерлерден өтініш түскен жағдайда жергілікті бюджет немесе демеушілік есебінен жұмыстар жүргізілетіні жоспарланған. Ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де оң шешімін тауып келеді. Айталық, Төлеби ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған Ұлы Отан соғысының ардагері Р.Жұмағұловқа 2020 жылдың 7 ақпанында жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй берілді. Қалған ҰОС ардагерлері де алдыңғы жылдары тұрғын үйлермен қамтамасыз етіліпті.

Бұдан басқа, басқарма басшысының орынбасары Мадина Есімова сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері тұрғылықты мекен-жайы бойынша диспансерлік есепке алынғанын, аймақтық дәрігерлердің ұдайы бақылауында екенін атап өтті.

Соғыс ардагерлеріне жасақталған әлеуметтік картаның нәтижесінде денсаулық сақтау саласы тарапынан 30 ардагерге медициналық қызмет үйіне барып көрсетіледі. Сондай-ақ, 40 ардагер диспансерлік тексеруден өткізілген, 39 ардагердің дәрі-дәрмекті қажет ететіні анықталды. Жыл сайын соғыс ардагерлерін сауықтыру орындарына жіберіп тұрамыз. Ардагерлеріміз мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қорғау саласына қарасты "Ардагерлер үйі" мен "Мейір" ардагерлер үйінде қажетінше ем алып, тынығып қайтады. Мұнда жылына 8 мыңға жуық адамға ем алу қарастырылған, - деді ол.

Бүкіл елге төнген қауіпті індеттің беті қайтып, кешегі сұрапыл соғыста от пен оқтың арасында қан кешіп, ел мен жерді қорғаған ардагерлерімізді ардақтайтын ұлы мерекені тойлауды барша жұрт асыға күтіп отыр. Алайда қазір бүкіләлемдік коронавирус пандемиясына қатысты елімізде төтенше жағдай жарияланған. Жоспарланған мерекелік іс-шараларға тоқталсақ, 68 тармақтан тұрады. Оның ішінде, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қатысты 19 тармақ, әлеуметтік салаға қатысты 7 тармақ, қоғамдық даму басқармасына 17 тармақ, мәдениет басқармасына 15 тармақ, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 8 тармақ, адами әлеуметтік даму басқармасына 19 тармақ, дене шынықтыру және спорт басқармасына 4 тармақ бөлініп берілген.

Арамызда санаулы ғана ардагерлер қалды. Қазір облысымызда ерікті жастар да, жергілікті билік те оларға барынша қамқорлық танытып, қолдан келген жақсылықтарын аямауда. Осы жылы өткізілмек болған іс-шараларда Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету, олардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелері қарастырылған. Жоспар аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған "Мәңгілік тағзым" салтанатты іс-шарасын өткізу, одан бөлек "Казахстанцы в годы войны" атты деректі фильм түсіру, түрлі байқаулар мен жарыстар жоспарланған еді. Сонымен қоса, ҰОС қатысушыларына орнатылған ескерткіш, құлпытас, мемориалды кешендерді жөндеу жұмыстары да ұмыт қалмады. Бірақ, өкінішке қарай елдегі төтенше жағдайға байланысты аталған мерекелік іс-шаралардың нақты өту-өтпеуі әлі де белгісіз болып тұр, - деді Мадина Ахметқызы.
Өзгелердің жаңалығы