Түркістан: коронавирусқа қарсы барлық шаралар қолға алынуда

14 Наурыз 2020, 06:59
1125
Бөлісу:
Түркістан: коронавирусқа қарсы барлық шаралар қолға алынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында коронавирус дертіне шалдыққан азаматтар жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев хабарлады.

Брифингте Ж. Аманбаев өңірде көпшілік жиналатын жерлерде сақтық шараларын сақтауға шақырды. Жиын, кездесулерді барынша азайту керектігін айтты.

Сондай-ақ өңірде 13 наурыздан бастап өткізілетін барлық мерекелік, спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралар тоқтатылады.

Түркістан облысы бойынша 907 мектеп, 1441 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Орта білім беру мекемелерінің оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін 3 аптаға демалысқа шығады. Демалыс кезеңінде баланың жауапкершілігі ата-анада, сондықтан туристік нысандарға, кинотеатрларға бармауға шақырамыз. Әлеуметтік желілерде алыпқашпа қауесет сөздер көп таралуда. Бұл ретте барлық азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуді өтінемін, - деді аймақ басшысының орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Сонымен қатар, Түркістан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов Түркістан облысында коронавирус дерті анықталмағандығын айтты.

Бүгінге дейін облыс аумағына келушілер арасында КВИ-ға күдікті науқастар тіркелген жоқ. Облыс бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 төсек орын дайындалған. Коронавирустық инфекцияға ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызу, диагноздарын анықтау мақсатында 240 төсек-орынға провизорлық стационарлар қарастырылған. Барлығы – 340 орын. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 орынға обсервациялық госпитальдар жоспарланған, - деді департамент басшысы.

Атап өтейік, облыстық тұрақтандыру қорында қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндік жеткілікті. Қазір қорда 6546,6 тонна тауар өнімдері бар. Облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 11 атаулы тауардан 18 567 тонна өнім бар. Азық-түлік қорынан тапшылық жоқ. Сол себепті, тұрғындарға азық-түлікті көптеп алып, дүрбелең туғызуға негіз жоқтығы айтылған.



Өзгелердің жаңалығы