Сырты Ханафи іші салафи жастар көбейіп барады — Дінтанушы

26 Қаңтар 2024, 18:29
13031
Бөлісу:
Сырты Ханафи іші салафи жастар көбейіп барады — Дінтанушы
Фото: muftyat.kz

Ең алдымен, ата дәстүріңді танып ал. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбарак ректорының ғылыми кеңесшісі, Ислам тәпсірі ғылымының докторы, философ Мұхитдин Исаұлы дін жолындағы жүрген жастарға кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

-Алматыда бірнеше күннен бері жер дүмпуі болып жатыр. Әлеуметтік желілерден халықты жаппай иманға шақырып жатқандардың қарасы көбейді. Бұл адамдарға жіберілген қандай да бір ескерту ме? Қалай ойлайсыз?

Жер сілкінісі – табиғи құбылыс. Ең алдымен, мұның заңдылығын жан-жақты біліп алуымыз керек. Бірақ қазақ «Құдайсыз қурай сынбайды» дейді, сондықтан бұл дүмпу не үшін болды деген сұрақ тағы бар. Иә, қазіргі таңда өзін атеистпін, тәңіршілмін деген азаматтар мұсылман қауымына тиісіп кетті. Алайда, шын мәнінде мұсылмандар өзіміз әппақпыз ба? Мәселен, депутат Ринат Зайытов «өзім кездескен намаз оқитындардың 80 пайызы алаяқ» деген кезде мұсылман жастар аузына келген былапыт сөздерін жаудырды. Егер сен шынайы мұсылман болсаң, саған бөтен көзқарасы бар адам тіл тигізіп жатса, неге сабыр сақтамайсың? Үстіне айтқанымыздай, иә жер сілкініп жатыр, бірақ оған атеистер мен намаз оқымайтындар кінәлі ма сонда... Қазіргі таңда өзін мұсылман деп атап жүрген жастар әлеуметтік желі арқылы дінімізді шоуға айналдырды. Қай жерге барса да бір нәрсені жоққа шығарып, өзінен ақылды адам жоқтай отырады.

-Ата-әжелеріміз ұстанған дінмен бүгінгі діннің қандай айырмашылығы бар?

Біздің ата-әжелеріміздің дінге деген құрметі ерекше еді. Ол кезде тәрбие ата-анаға, дәстүрге және Құдайға деген құрметтен бастау алатын еді. Қазір жас кіші болса да ересектерге діңкілдеп сөйлетіндер көбейді, сөйте тұра намазханмын дейді. Пайғамбарды өзінің құрдасындай көріп әңгіме айтып, тарихымыздағы әулиелерге тіл тигізгердерді көрдім. Биыл қажылыққа Дубайға барып келгендей әлеуметтік желісінің тікелей эфирінен ақша жинағандарды да көрдік. Бұл сонда қандай мұсылмандық? Бұдан гөрі кешегі кеңес заманындағы ата-әжелеріміздің ұстанымы нағыз әдеп, мұсылмандық еді. Қазіргі кейбірі дінді аузынан сөз шықса мынауым ақ, мұным саған қарғыс деп жекеменшік қылып алған.

-Бабалар ұстанып келген діннен бөлек, елімізде салт-дәстүрді мойындамайтын ағымдар бар? Олар туралы не айтасыз?

Қазақ «харам, халал» деген дүниені айтпаған, қазақ «мынау жаман болады», «мына нәрсе ұят» деп бірнеше ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бұл өмірде уақытша жүрміз, ана өмірді ойлауымыз керек деп ешкім айтпаған. Жалпы, ашығын айтсақ, мұсылманмын дейтіндердің көбінде дінге деген құрметі аз болып тұр. Сондықтан апаттар Құдайдың мұсылмандарға тәубеге келіңдер деп жатқан ескертуі десек қисынға келеді. Өйткені шариғат бойынша «мұсылман дінмен әзілдесе оны Құдай тағала бұл не?» деп жазалайды. Құранда Алла тағала «сендер алдымен өздеріңді түзетіп алыңдар» дейді. Сол дұрыс иманға келіп, дұрыс мұсылман болмағаннан кейін екінші тарап тәңіршілдер мен атеистер шығып отыр.

Кейбір дін ұстанушыларға салтымыздан бөлек, Керей мен Жәнібек, Қазақ хандығы және оған дейінгі түп тарихымыз керек емес. Түртіп қалса, сырты ханафи іші салафи екенін білінеді. Ондай жастар көбейіп барады. Олар үлкен тұрмақ өз ата-анасын мойындамайды. Яғни «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаннан кейін осындай үрдіс болады. Бала ең алдымен тілін кәлимаға келтіргенен кейін жеті атасын білуі тиіс. Өйткені қазақтың бүкіл дәстүрі исламға негізделген. Қайсысы дәстүріміз жамандыққа шақырады? Яғни қазақ дінді дәстүрге айналдыра білген халық.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы