Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Германия ынтымақтастығы талқыланды

18 Сәуір 2024, 23:42
365
Бөлісу:
Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Германия ынтымақтастығы талқыланды
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Германия Бундестагының депутаты, Социал-демократиялық партия фракциясының сыртқы саяси өкілі Нильс Шмид бастаған делегация мүшелерімен кездесті. Бұл туралы BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Н. Шмид Қазақстан халқына су тасқыны апатына байланысты қолдау білдіріп, ахуалдың жақсаруын тіледі.

Тараптар парламенттік дипломатияның қазақ-герман ынтымақтастығын күшейтудегі рөлін талқылап, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Астана-Берлин қарым-қатынастарына жаңа сапалы мазмұн берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйектегі Берлинге ресми сапарының және Орталық Азия елдері басшылары мен ГФР Федералдық канцлерінің алғашқы саммитіне қатысуының қорытындылары бойынша өңірлік әрекеттесу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Р. Василенко қазақ тарапының Қазақстан мен Германия арасындағы белсенді саяси диалогты жалғастыруға және сауда-экономикалық байланыстарды күшейтуге мүдделі екенін растады. Бұл тұрғыда тараптар экология және климаттың өзгеруі, су ресурстарын бақылау, көлік және логистика сияқты салалардағы өзара әрекеттестікті кеңейту жолдарын талқылады.

Неміс тарапы елімізде іске асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдіріп, қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның маңыздылығын атап өтті. Н. Шмидтің айтуынша, «қоғамда әйелдерді қолдау оларды мемлекеттің барлық салаларына белсенді қатысуға қосымша ынталандырады».

Сұхбат соңында тараптар парламенттер, зерттеу қорлары және сарапшылар арасындағы белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы