Сыртқы істер министрі БҰҰ ДБ мен ЮНИСЕФ өкілдерін қабылдады

29 Тамыз 2019, 14:35
1127
Бөлісу:
Сыртқы істер министрі БҰҰ ДБ мен ЮНИСЕФ өкілдерін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы жаңа тұрақты өкілі Якуп Беришті қабылдады.

Кездесу барысында 2016-2020 жылдарға арналған бес жылдық бағдарламасы, 2030 жылға дейінгі Даму күн тәртібі мен Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру, сонымен қатар Дамуға ресми көмектің ұлттық жүйесін дамыту шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Үкіметі ОДМ-ды жүзеге асыру бойынша жүйелі және мақсатты жұмыстар жүргізетінін хабарлады. Осы жылдың шілде айында біздің еліміз Нью-Йорк қаласындағы жоғары деңгейдегі саяси форум аясында ОДМ-ды жүзеге асыру бойынша алғашқы ерікті ұлттық шолуды ұсынды.

_0291.JPG

Я. Бериш ҚР мен БҰҰДБ ынтымақтастығының үнемі артып келе жатқанын қанағаттанарлықпен атап өтті, Министрді БҰҰДБ қызметі, Қазақстанда өткізіліп жатқан іс-шаралар мен жобалар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, ол Қазақстан Үкіметіне Алматы қаласында БҰҰ түрлі агенттіктері орналасқан жаңа ғимарат үшін алғысын білдірді.

Сол күні СІМ басшысы БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының жаңадан тағайындалған Қазақстандағы Өкілі Артур ван Дизенмен кездесті.

ЮНИСЕФ Балалар қорына Қазақстан Үкіметіне балаларды қорғау мәселелері бойынша көрсетіп жатқан қолғабыс үшін алғыс білдірілді. 2019 жылы ЮНИСЕФ Қоры мемлекетімізде ювеналды әділетті дамыту, балаларға мейірімді сот төрелігін құруға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастығын белсенді жалғастырып келеді.

БҰҰ даму бағдарламасы (БҰҰДБ) ҚР аумағында әрекет ететін БҰҰ-ның ең ірі агенттігі болып табылады. БҰҰДБ Қазақстанға көмек көрсету бағдарламасын 1993 жылы бастады. 1994 жылы қазанда ҚР Үкіметі мен БҰҰДБ арасында Қазақстандағы бағдарлама қызметінің басым бағыттарын қамтитын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

ЮНИСЕФ өз жұмысын Қазақстанда 1992 жылы бастады. 1999 жылы Алматыда Орталық Азия елдері мен Қазақстан бойынша аймақтық офис ашылды, 2001 жылы Нұр-Сұлтанда кеңсе ашылды.

Өзгелердің жаңалығы