Сыр өңірінде егісті әртараптандыруға мән берілуде

30 Қазан 2020, 20:55
1624
Бөлісу:
Сыр өңірінде егісті әртараптандыруға мән берілуде

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Сыр өңірінде 551,3 мың тонна күрiш жиналып, рекорд жаңарды. Бұл туралы Қызылорда облыстық аyыл шарyашылығы басқармасының басшысы Шаxмардан Қойшыбаев бiзге берген сұхбатында мәлiмдеді.

– Биыл пандемия, одан қалды су тапшылығы мәселесі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды қатты алаңдатқаны рас. Соған қарамастан олар шаруаны ширатуға тырысты...

– Иә, дұрыс айтасыз. Әлемді алаңдатқан коронавирус індетінің белең алуы далада жұмыс қызған шаққа – көктемге сәйкес келді. Ауыл шаруашылығы саласы қиындықтарға тап болмас үшін мемлекет барынша қолдау жасады. Егін науқанына кедергі болмайтын жолдарды қарастырып, біршама жеңілдіктер қарастырды. Жанар-жағармай, ми­нералды тыңайтқыштар, тұқым мәселесі дер кезінде реттелді. Ауылдағы ағайынға жұмысын істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Күз келді. Егін жиналды. Нәтиже жаман емес.

Тағы бір мәселе, өзен жағалаған елдің өзіңіз айтқандай су тапшылығына алаңдағаны мәлім. Шынында сy қоры өткен жылға қарағанда едәyiр аз болды. Сол себепті, сyды ысырап етпей, пайдаланyға күш салдық. Су жүретін арықтар, каналдар тазаланды. Тиісті агротехника талаптарына назар аудардық. Осы жұмыстардың арқасында егін бітік шықты. Егіннің айналасында жүрген азаматтардың да тату тірлігін айрықша атап өткім келеді. Дәлірек айтсақ, мол табыс – тынымсыз еңбектің жемісі. Диқандардың маңдай тері ақталып, биыл күріштiң гектаpынaн 61,8 центнеp өнiм жинап отыр. Қамбаға 551,3 мың тонна күріш құйылғанын – рекорд жаңарғанын мақтанышпен айта аламын.

– Аграрлық салада қандай өрелі өзгеріс бар?

– Кейінгі кездері өңірімізде ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар қолға алынып келеді. Солардың бірі – күріш сорттарын жаңалау. Қызылордалық зерттеушілер осы бағытта біраз тер төкті. Жаңа сортты ойлап табу қиын шаруа. Эксперимент ұзақ жылға созылып кетуі де мүмкін. Соңғы жылдары аймақта сынақтан өткізілген күріш сорттарының ішінде «Сыр сұлуы» және «Ай-Керім» сәтті шықты. Ғалымдардың да, диқандардың да көңілінен шығып отыр. Осы жылы бірқатар шаруашылық күріштің осы сорттарын молынан екті. Өнімді де молынан алды.

Өңірде бордақылау алаңдары көбейді. Қазіргі таңда 20-ға жетіп отыр. Мұнда 12 мыңдай ірі қара бордақылаyға мүмкiндiк бар.

– Өңірдің экспорттық әлеуеті қалай?

– Биыл осы кезге дейін Сыр өңірінен 14 миллион долларға жуықтайтын 38,9 мың тонна аyыл шарyашылығының өнімдерi экспортталып отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 116,7 пайызға өскенін көрсетеді. Шет елдерден балыққа, күрішке, қамысқа және басқа өнімдерге сұраныс жасалуда. Өңірде өндірілген өнiмдер Ресейге, Қырғызстанға, Қытайға, Германияға, Беларусияға, Украинаға, Польшаға, Моңғолияға, Әзербайжанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Түркіменстанға, Грузияңа, Литваға, Иракқа жөнелтіліп жатыр.

Сонымен бірге, биылғы жақсы жаңалықтың бірі – Германия мемлекетіне Сыр өңірінде өсетін қамыс экспортталуда. Қазіргі таңда 122 тоннадан астам қамыс жіберілді. Ол жақта қамыстан тоқыма себет жасап, үйдің шатырына салады екен.

– Су тапшылығы мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Осы орайда мамандар егінді әртараптандыру маңызды екенін айтып жүр. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Шынында, су тапшылығы Сырдария өзенінің төменгi ағысында қоныс тепкен Қызылорда халқының басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселе болып тұр. Сол себепті ауыл шаруашылығына жаңа серпін, жаңа көзқарас керек. Аймақ басшысының тапсырмасына орай осы жылы әртараптандыруға ерекше мән берілді. Бірқатар дақыл түрлеріне тәжірибе-сынақ жасалды. Сонымен қатар, бұған дейін егіліп келе жатқан дақылдардың көлемін арттырдық. Мәселен, қант құмайының, сояның жергілікті климатқа сәйкес келгені көңілді көншітіп отыр. Өнімді де мол беруде. Сыр бойындағы шаруалар соя, қан құмайын егудің тәсілдерін, оның тиімділігі жоғары екенін біршама меңгеріп қалды. Осы жылы 240 гектар соя дақылынан 260-тан астам, 70 гектар қант құмайы дақылынан 31 тоннадан астам өнім жиналғаны қуантарлық. Жүгерінің көлемі 1700 гектарға жетіп қалды. Міне, өзіңіз байқағандай, әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі атқарылып келе жатыр.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!


Өзгелердің жаңалығы