Сыр өңірі: жатақхананың жағдайы қалай?

18 Сәуір 2022, 09:37
3824
Бөлісу:
Сыр өңірі: жатақхананың жағдайы қалай?
Фото: автордан

Қызылорда облысы. BAQ.KZ тілшісі. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан білім алушылар арасындағы жатақхана мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Бұл бастаманы бақылауда ұстаған Сыр өңірінде де студенттер үйінің саны мен сапасы артып келеді. 

Өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылдың ішінде 90 мың студенттің жатақханамен қамтылуын тапсырған. Сол уақыттан бері жауапты мекемлер мен кәсіпкерлер жатақхана құрылысына белсене кірісіп, атқарылған жұмыстар біршама нәтиже бере бастады. Қызылорда облысында да студенттер үйінің қатары артып, жатақханаға мұқтаж білім алушылардың жаңа орынға жайғасуына мүмкіндік туды.

Қазіргі жатақханалардың жағдайын бұрынғы ғимараттармен салыстыруға келмейді. Жатақхана десе көз алдымызға келетін  бірнеше студентті қамтыған шағын бөлме мен асханадағы шұбылған кезектің орнын бүгінде заманауи мекемелер алмастырған. Жатақхана ақысы да студенттердің қалтасына қонымды, айына небәрі 5-10 мың теңге тұрады. Осы тақырыпты жазу барысында Қызылорда қаласындағы студенттердің жағдайын білу мақсатымен бірнеше жатақхананың жай-күйін білуге тырыстық. Бір байқағанымыз, мұнда студенттердің алаңсыз білім алуынан бастап, бос уақытын тиімді өткізуіне дейін жағдай жасалған. Тегін уай-фай желісі болғандықтан әлеуметтік желіге қосылу қолжетімді, қыс айларында бөлме температурасы қалыпты, тіпті кітапхана да білім алушылар үшін қызмет етеді. Айталық, былтыр пайдалануға берілген «Өркениет» студенттер үйінде жастар үшін бәрі бар. Тұрғылықты орын мен ас үйдің жайлылығын есептемегенде, үлкен футбол алаңы, ателье, кіші маркет дүкеніне дейін жасақталған. Солай бола тұра ай сайынғы төлем студенттер үшін төменгі бағада қойылған. Осы орайда студенттер үйінің меңгерушісі Гүлшат Әбдіқұлова жастар үшін келесідей мүмкіндіктердің де қарастырылғанын тілге тиек етті.

2021 жылдың Білім күнінде ашылған «Өркениет» студенттер үйінде 414 жас орналасқан. Жатақханада кір жуу, демалыс бөлмесі, сондай-ақ асхана, кітапхана, ателье қызметі қарастырылған әрі мұндағы бөлмелер кең, дәретхана мен жуынатын бөлме ішінде орналасқан. Алдағы уақытта студенттерге арналған спорт зал, фитнес залы, компьютер клубы, монша пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ мекеме ғаламтормен қамтамасыз етілген, – дейді ол. 

Қаладағы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі де осы үдеден шығатынын байқатты. Тіпті мұнда бейнебақылау қызметі де іске қосылған. 252 білім алушыны бауырына басқан жатақхананың әр қабатында асхана, жуыну бөлмесі, демалыс орындары, оқу залы талапқа сай жабдықталған. Айта кету керек, нысанда бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттердің қажеттіліктері түгенделген.   

Жатақханадағы студенттердің алаңсыз білім алуына жасалған жағдай кімді болсын қуантары анық. Есепке сүйенсек, былтырғы жылдың соңына қарай елімізде 120-дан астам жатақхана құрылысы бой көтеріп, студенттер игілігіне берілген. Биыл бұл көрсеткіш 32-ге артуы мүмкін. 

Аймақтағы білім беру саласы бойынша көш бастап тұрған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де білім ізденушіліер үшін барын салуда. Жатақханаларды заман талабына сай жаңғыртқан университет біліммен қатар студенттердің қауіпсіздігі мен денсаулығына баса мән береді.

Жатақхананың біз үшін басты тиімділігі – қаладағы жалдамалы пәтер бағасынан арзанырақ болуында. Университет жатақханасының қазіргі жағдайы толық көңілімнен шығады. Себебі тамақ дайындауға, киім жууға, үтіктеуге, сабақ оқуға барлық жағдай жасалған. Менің тұратын екінші жатақхананың тағы бір тиімділігі –  өзім оқитын университет корпусыма өте жақын орналасқан, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Шолпан Әжімова.

Жоғарыда айтылған талаптар Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жатақханасында да көрініс тапқан. 300 орындық студенттер үйінің әр қабатында тамақ әзірлеуге арналған тұрмыстық бөлме, медициналық пункт, оқу залы уақытылы жөндеуден өтіп, студенттер игілігіне берілген. Мұнда мәдени шараларды өткізу бағытында тәрбиешілер, жатақхана тұрғындарының тәртібін бақылауда студенттер кеңесі жүйелі түрде жұмыс істейді. Оқу орнының көрсеткішіне көз салсақ, биыл мұнда 186 білім алушы қабылданған. 

Бір жыл көлемінде достарыммен бірге пәтер жалдап тұрдым. Бірақ ай сайынғы пәтер құнын төлеу қиын болған соң оқу орнының жанындағы жатақханаға ауыстым. Колледж бен жатақхананың бір аулада орналасуы маған тиімді болды. Сабағыма уақытылы барамын әрі студенттік шараларға да белсенді қатысып жүрмін, – дейді студент Қожабекұлы. 

Соңғы уақытта кәсіпкерлердің де жатақхана салу ісіне бей-жай қарамайтыны байқалады. Себебі, бұл бастама бойынша 2018 жылдан бері БҒМ Қаржы орталығы арнайы бағдарлама әзірлеп, жұмыс жүргізуде. Осы бағдарлама аясында кез келген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жатақхана құрылысына жауапты болса, әрбір салынған орынға мемлекеттік тапсырыспен қаражат бөлінеді. Бұл білім саласындағы әлеуметтік мәселені шешуде кәсіпкерлердің ынтасын арттырып қана қоймай, студенттер жағдайының жақсара түсуіне едәуір ықпал ететіні анық. 

Өзгелердің жаңалығы