Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордада "Сыр елінің тарихи тұлғалары жастардың көзімен" атты облыстық жас тарихшылар форумы өтті.
"Дарын" облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастырған шараға жас тарихшылар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары, шығармашыл ұстаздар қатысты.
"Рухани жаңғыру" орталығының бөлім меңгерушісі Әлима Жақыпқызының айтуынша, айтулы шара Елбасының "Рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақалаларынан туындайтын міндеттерді іске асыру бағытында "Өз жеріңді танып біл" бастамасы аясында өткізіліп отыр.
Бұл форум жас педагог-тарихшыларға шығармашылық шабыт береді. Өздерін кәсіби біліктілігі арттырады, әдістемелік деңгейін жетілдіреді. Қазіргі таңда оқушыларды мектеп кезінен ғылымға, ғылыми жұмыс жазуға баулу керек. Егер педогог тарихшылар оны өздері білмесе, шәкірттерге не үйрете алады? Сондықтан бүгінгі ашық диалог алаңы жас тарихшылардың тарихи танымын тереңдетіп, зерттеу еңбектер жаза білуге машықтандырады. Яғни осы шарада қатысушылар Сыр елінің тарихи тұлғаларының өмірі мен қызметін, тарихтағы және қоғамдағы орнын кеңінен талдап, дәріптейді, - дейді Әлима Жақыпқызы.
Айта кетейік, "Сыр елінің тарихи тұлғалары жастардың көзімен" атты облыстық жас тарихшылар ашық диалог алаңы ТЕD Х форматында өткізілді. Қатысушылар Қызылорда облысынан шыққан тарихи тұлғаның немесе әлі толық зерттелмеген қайраткерлердің өмірі мен қызметтері туралы тың мәліметтерді ұсынды.
Форумға 1-3 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдер қатыстық. Әрқайсымыз бір-бір тұлғаны жан-жақты зерттеп, ауызша айтып, түсіндірдік. Мысалы, қатысушылардың бірі Қожықовтар әулетін, енді бірі Қорқыт ата туралы, келесілері Сартай батыр, Темірбек Жүргенов, Манап Көкенов сияқты дара тұлғаларды зерттеген және тақырыптарын тартымды, қызықты ғып жеткізуге тырысты. Түрлі әдіс-тәсілдерді қолданды. Ал мен "Дархан даланың дарабозы – Ақмырза" деген тақырыпты қорғап шықтым. Ақмырза – Сыр бойында туған әулие, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көшбасшысы. Дүниетанымдық еңбектер мен бірнеше оқулықтар жазған. Көптеген еңбегі қызылдар қолына түсіп, барлық жинаған кітаптарымен бірге өртелген. Тек шетелге қашқан ағайындарының қолында "Түркі иман" атты бір ғана кітабы сақталған. Мұндай елдің болашағы үшін күрескен, адал, әділ, данышпан адамды кейінгі ұрпақ білуі керек, – дейді жас тарихшылардың бірі Қуанышбек Қанатов.Ал тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбайдың пікірінше, форум тарих пәнінің мәртебесі мен беделін өсіреді.
Біз бір серпіліп қалдық. Жас тарихшыларды қолдау арқылы тарих пәнінің маңызын арттырамыз. Төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік береді, - дейді ғалым.