«Сұр» тарелкалар жас ұрпақты улап, іріткі салып жатыр. Сенатор шетелдік арналар жайлы

7 Желтоқсан 2023, 11:32
1903
Бөлісу:
«Сұр» тарелкалар жас ұрпақты улап, іріткі салып жатыр. Сенатор шетелдік арналар жайлы
Фото: Сенат баспасөз қызметі

Үкіметке өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтарда ақпараттық қауіпсіздіктікті күшейту керек. Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Үкімет басшысы Әлихан Сымайыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың мәлімдеуінше, елімізде тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15 – мультиплекске тегін еніп, хабар таратады. Ал бүгінгі таңда қазақстандық көрермендерге ұсынылған шетелдік телеарналар саны – 300 ге жуықтады.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сырттан ағылған ақпараттық-насихаттық инъекциялардың күшеюі назар аудартады. Әсіресе шекаралық аймақтардың тұрғындары үшін шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Қазақстанда цифрлық эфирлік теледидарға көшуді 2015 жылға жоспарланғанымен, мерзімі тағы 10 жылға созылып, әлі толыққанды аяқталған жоқ. Цифрлық эфирлік теледидарға көшсек, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 30 арнаға дейін, ал облыс орталығынан шалғай елді-мекендерде 15 арнаға дейін телеарналарды трансляциялауға мүмкіндік пайда болып, 2-ші, 3-ші мультиплекс қосылып , отандық телеарналардың дамуына зор мүмкіндік ашылады деген де уәде болған, - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Бибигүл Жексенбай әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отырғанын айтады. Өйткені Өңірлік және шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Сөзінше, жекеменшік арналардың дамуына, отандық контенттің көбеюіне өзіміз кедергі жасап отырмыз.

Республикалық телеарналарға балама іздеген көрермен Қазақстанмен шекаралас елдердің телеарналарына телміріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Бір өкініштісі, «Отау ТВ» арқылы отандық телеарналарымыз өзге елге хабар таратуына шектеу болғанымен, тәуелсіздік жылдарында біз алыс жақын шетелдің бұқаралық ақпарат құралының Қазақстан аумағына таралуына кең мүмкіндік бердік. «Сұр» тарелкалар арқылы көрші елдің идеологиясы жерімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салатын жәйттерге әкеліп жатқанын көріп отырмыз, - дейді Сенатор.

Цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді.

Еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізіліп, халықтың көкейіндегі мәселе ашық айтылып, қарапайым қарашаның мұң-мұқтажы, сол жерде тұратын халықтың шынайы өмір сүру деңгейі көрініс табуы тиіс.

«Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады», — деген Бауыржан Момышұлы. Біз еліміздің қорғаныс саласына қыруар қаражат бөлеміз. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешілмеген жерде, қорғанысқа қанша қаражат бөлсек те, оның тиімділігі төмен. Күн сайын ғаламтордан ағылған жалған ақпарға тосқауыл бола алатын тек дәстүрлі медиа. Ал, олардың негізгі табыс көзі жарнама азайып, оның өзі жалған ақпарат таратушыларға кетіп жатқанда, мемлекеттік қолдау аса қажет, - деді ол.

Сенатор үкіметке өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтарда ақпараттық қауіпсіздіктікті күшейтіп, жергілікті отандық контентті көбейту мынандай ұсыныстар айтты:

Біріншіден, өңірлердегі жеке телеарналар өгейдің күйін кешпей, бәсекелестік күресте күш-қуатын арттыруына жан-жақты қолдауды қарастыру. Материалдық - техникалық жабдықталуына, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге арнайы бағдарламалар қарастыру.

Екіншіден, мультиплекске шекаралық аймақтардағы жеке меншік телеарналардың да қосылуына жағдай жасап, баға саясатын реттеуге көңіл бөлу.

Үшіншіден, шекаралас елдердегі қандастарымыздың Қазақстан хабарларын көруге спутниктік таралым мүмкіндігін кеңейтуді қарастыру.

Төртіншіден, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, патриоттық, рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, отбасылық құндылықтаржәне салауатты өмір салтын қолдау, ұлтаралық бірлікті нығайту, т.б. бағыттары бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыру бойынша өңірлік телеарналарға арнайы гранттар беріп, жергілікті БАҚты субсидиялауды қарастырған жөн.

Бесіншіден, өңірлік, әсіресе шекаралас аймақтардағы дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары үшін салықтық жеңілдіктер қарастыру керек.

Өзгелердің жаңалығы