Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан жыл бұрын, яғни 2022 жылы 16 наурызда «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, бірқатар тапсырма берген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жолдауда қандай тапсырма берілді және оның қайсысы орындалды? Талдап көрелік.
Партиядан шығып, Суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту
Тоқаев Жолдауында президенттің өкілеттігін қысқарту жөніндегі тапсырма берген еді.
Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Қазір бізде барлығы президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан бас тартатынымды мәлімдедім, - деген болатын Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтыратынын айтқан болатын.
Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді. Барлық азаматқа бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын, - деп тапсырма берген еді.
Тапсырма:
- ҚР Президентінің президенттік өкілеттіктерді атқару мерзімінде саяси партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамада бекіту;
- ҚР Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдары мен квазимемлекеттік сектор басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салуды заңнамада бекіту.
Орындалды:
2022 жылы 8 маусымда тиісті заң қабылданды.
43-баптың 3-тармағы. ҚР Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.
43-баптың 4-тармағы. ҚР Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ.
Парламенттік республика
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өкілді билік тармағын қайта құруды тапсырды.
Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн. Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын – деген еді Президент.
Тапсырма:
- Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау;
- Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізу.
Орындалды:
2022 жылы 8 маусымда тиісті заң қабылданды.
50-баптың 2-тармағы. Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
- Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды.
- Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылып, Сенатқа ауысты және 9-дан 5 депутатқа дейін кеміді.
Сайлау жүйесін жетілдіру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіру жөнінде тапсырма беріп, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын.
Өздеріңізге мәлім, 19 наурыз күні Парламент Мәжіліс мен өңірлік мәслихат депутаттарын сайлау өтеді.
Тапсырма:
- Мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттар үшін императивті мандат енгізе отырып, азаматтарға сайлану мүмкіндігін беретін аралас сайлау жүйесіне көшу: ҚР Президентінің Мәжілісіне депутаттардың 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша, 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша.
Орындалды:
2022 жылы 8 маусымда тиісті заң қабылданды.
- 50-баптың 3-тармағы. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады.
Конституциялық Кеңестен Конституциялық Сотқа дейін немесе Құқық қорғау институттарын күшейту
Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын, - деп Президент құқық қорғау институттарын күшейтуге қатысты тапсырма берді.
Тапсырма:
- ҚР Конституциялық Сотын құру, оған азаматтардың, Бас Прокурордың және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де азаматтардың конституциялық құқықтарын тікелей қозғайтын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі туралы жүгінуіне мүмкіндік беру.
Орындалды:
2022 жылы 5 қарашада тиісті Конституциялық заң қабылданды.
1-бап. Конституциялық Сот ҚР-ның бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді.
Конституциялық Сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өз жұмысына кірісті. Конституциялық Сот Конституциялық кеңестің бүкіл өкілеттіктерін алды. Конституциялық Сотқа жүгінетін субъектілердің қатары толығып, оларға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және азаматтар қосылды.
Жаңа Қазақстан – Жаңа партия
Мемлекет басшысы өз Жолдауында партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде тапсырма берді.
Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тапсырма:
Саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету, оның ішінде:
- саяси партияларды тіркеу үшін сан шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін азайту;
- саяси партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз саны туралы талапты 600 адамнан 200 адамға дейін азайту;
- саяси партияны құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны жөніндегі талапты мыңнан 700 адамға дейін қысқарту;
- саяси партияны құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұлғайту;
- жаңадан құрылатын саяси партиялардың филиалдарын құру мерзімін 6 айдан 12 айға дейін ұлғайту.
Орындалды:
2022 жылы 5 қарашада тиісті заң қабылданды.
«Саяси партиялар туралы» заңның 6-бабының 1 және 6-тармақтарына, 10-бабының 3 және 6-тармақтарына өзгерістер енгізілді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен Ұлттық құрылтайға дейін
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады, - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында.
Тапсырма:
- Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалпыұлттық деңгейде жалғастыру үшін Ұлттық құрылтай құру.
Орындалды:
Президенттің 2022 жылғы 14 маусымдағы №930 Жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылды. Оның алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытауда өтті.
Қуатты өңір – қуатты ел
Президент өз Жолдауында жаңа облыстар құру туралы бастама көтеріп, тиісті тапсырма берді.
Тапсырма:
- Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру.
Орындалды:
Қазақстанда жаңа үш облыс құрылды. Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылды. Абай облысының орталығы – Семей, Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 4 мамыр күні Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойды.
Конституциялық реформа
2022 жылы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті. Жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар Ата заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу үшін өз дауыстарын берді.
Конституциялық реформада қандай заңдар өзгерді?
6-бап – жер мәселесі.
«3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін».
15-бап – өлім жазасы.
«2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады».
46-бап – 4-тармақ, яғни «Елбасы мәртебесі» жойылды.
Конституциялық реформа негізінде өзгертілген Ата заңымыздың жаңа жобасында осы баптың 4-тармағының күші жойылды.
Жаңа нұсқада: 46-баптың 4-тармағы алып тасталсын.
«4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады».
88-бап
88-баптың 4-тармағындағы «Президенті» деген сөз алынып тасталды.
«4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоюы мүмкін, сондай-ақ олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін».
99-бап. Жаңа бап қосылды.
Бұл бапта Конституциялық кеңестен Конституциялық сот болып өзгерген саяси құрылымның мақсат-міндеттері айқындалған.
1. Конституциялық Сот және Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық Кеңестің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары мен мүшелері өз өкілеттіктерін сақтайды.
Конституциялық Сот құрылғанға дейін Конституцияның 72-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген Конституциялық Соттың функцияларын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады.
2. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде оларды Конституциялық Сот қайта қарағанға дейін қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Палаталарын қалыптастыру туралы ережелері сегізінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады».