Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. World Logistics Passport Бірінші жаһандық саммиті өтті. Пікірсайыс көшбасшылары WLP бастамасына қатысушы елдердің сауда, экономика және инфрақұрылым министрлері, Дүниежүзілік сауда ұйымының, халықаралық ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері болды.
Елдер өкілдері пандемиядан кейінгі кезеңдегі халықаралық ынтымақтастық пен сауданың болашағын және WLP тұрақты халықаралық сауданың дамуына қалай ықпал ететінін талқылады.
Қазақстан World Logistics Passport тіркелген 15 хабтың бірі. Біздің елден бағдарламаға серіктес ретінде Алматы қаласының кеден органы, "Қорғас" ШЫХО және "Network Synergy" ЖШС қосылды.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде хабарлағандай, Қазақстан басқа елдердегі WLP хабтарына қосылу және сауда және көлік жүйелерінің байланысын арттыру есебінен басқа елдердің нарықтарына шығу үшін үлкен әлеуетті көріп отыр.
Министр біздің еліміз Орталық Азия өңірін, сондай-ақ қазақстандық трейдерлер мен логистикалық компаниялар WLP Үнді хабында тіркелу арқылы шыға алатын Үндістан нарығын перспективалы бағыттар ретінде қарастыратынын хабарлады.
WLP бағдарламасына қатысушылардың көпшілігін тарту Қазақстанның транзиттік әлеуетін, оның ішінде "Бір белдеу және бір жол" бастамасы аясында арттыруға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді Сұлтанов.
Министр, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында экспорт-импорт және транзиттік сауда ағындарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті инфрақұрылым құрылғанын айтты. Оны жетілдіру бойынша жалғасып жатқан жұмыс Қазақстанға өңірдің сауда және логистикалық хабы мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде Қазақстан арқылы құрлық бағыттары өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Биыл транзит стратегиялық межеден миллион контейнерге, оның ішінде Азия-Еуропа бағытында 700 мың ЖФЭ асып түседі, - деді Сауда министрі.