Сұлтанов Ресейге шекаралас аумақтарда өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды ұсынды

23 Маусым 2021, 20:41
10759
Бөлісу:
Сұлтанов Ресейге шекаралас аумақтарда өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Душанбеде өткен кездесуде Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетниковпен екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдету мәселесін талқылады.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерде сауда-өнеркәсіптік хабтар құру жоспарлары туралы сөз болды.

Сұлтанов мәлімдегендей, «халықаралық көлік дәліздері бойында осындай хабтарды құру Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияға және олардың экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады». Сонымен қатар Қазақстанның Сауда министрі атап өткендей, бұл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекара маңы ынтымақтастығының дамуына серпін береді.

Тараптар, сондай-ақ, Еуразиялық тауар өткізу жүйесін құруды талқылады. Ол барлық қатысушылардың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға арналғанын атап өтті. Бұдан басқа, «тауарлардың тұрақты және болжамды ағындарын қамтамасыз ету үшінші елдердің нарықтарына экспорттық ағындарды кеңейтеді».

Сондай-ақ тараптар Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы (мал шаруашылығы), тау-кен өндіру саласы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика-электр энергетикасы желісін жаңғырту және кеңейту, жаңартылатын энергия көздерін енгізу сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Белуха тауы» арнайы трансшекаралық туристік аймағын құру жобасы туризмнің жеке өсу нүктесі бола алады, - деді Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетников.

2021 жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 20,4%-ға өсіп, 6,6 млрд долларды құрады.

Максим Решетников Қазақстан делегациясын 11-12 тамызда Мәскеуде Каспий маңы мемлекеттерінің Үкімет басшыларының қатысуымен өтетін ІІ Каспий экономикалық форумына шақырды. Форумда «жасыл экономика» және тұрақты даму, көлік және логистика, энергетика және туризм, ғылыми және мәдени серіктестік салаларындағы өзекті мәселелерді талқылау күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы