Суицид ойынынан зардап шеккен 7 жасар баланың ісіне қатысты үкім кесілді

19 Қыркүйек 2024, 14:21
510
Бөлісу:
Суицид ойынынан зардап шеккен 7 жасар баланың ісіне қатысты үкім кесілді
Фото: pixabay.com/ru

Астанада балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін бірнеше ата-ана жазаланып, қомақты айыппұл арқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған ата-аналарға қатысты (ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі) істер қаралды. 

Іс материалдарына сәйкес Астана қаласындағы тұрғын үй кешенінде бірге тұратын кәмелетке толмаған 5 бала «Суицидник» қауіпті ойынын ойнау үшін 7 жасар баланы құрбан ретінде пайдаланған. Олар баланы кіреберіске апарып, үшінші қабатқа көтеріп, баспалдақ пен баспалдақ алаңы арасында ұстап тұрған. Аталмыш оқиғаның видеосы тіпті, әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшіліктің талқысына түскен болатын.

Бүгін Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық соты үкім кесті.

Сот отырысы барысында төрт ата-ана өз кінәсін мойындады, біреуі мойындамады. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайы оқиғаның бейнежазбасымен және тараптардың жазбаша түсіндірмелерімен расталды. ӘҚБтК 127-бабы 1-бөлігінің санкциясы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Сот кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарын балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны, балаларын тұрмыста, қоғамдық орындарда айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мінез-құлық ережелеріне үйретпегені үшін кінәлі деп танып, оларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындады. Қаулылар заңды күшіне енген жоқ, - делінген ведомство хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы