Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 10 қыркүйек - Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні. Жалпы адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға не итермелейді? Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі. Бұл мәселемен қалай күресу керек?
Алдымен еліміздегі өз-өзіне қол жұмсау статистикасына назар аударыңыздар.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикасы бойынша 2020 жылдың маусымына дейін елде 1661 (тілші – немесе 1662) азамат өзіне қол жұмсаған. Олардың 1325 ер, 307 әйел. Толық статистикамен мына жерден таныса аласыздар.
Суицид. 2019 жылдың статистикасы
Ranking.kz-тің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2019 жылы 3,8 мың суицид жасалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,4%-ға көп. 2018 жылы 3,5 мың суицид жасалды.
Өткен жылы 4,8 мың адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. 2018 жылы өзіне қол жұмсамақ болғандар саны 4,2 мыңды құрады. Ер адамдар арасында 2,8 мың адам, әйелдер арасында 1,9 мың адам.
Өз-өзіне қол жұмсаудың жалпы санының 180-ін кәмелетке толмағандар жасады, оның 121-і ұл мен 59-ы қыз.
Қазақстандықтардың өзіне-өзі қол жұмсауының себептері:
- негізінен жалғыздық пен бас тарту сезімдері (294 суицид);
- қиын қаржылық жағдай (205 суицид);
- ауыр сырқаттар (136 суицид);
- 177 жағдай жанжалды қатынастарға (90) немесе ажырасуға (87) ерлі-зайыптыларға қатысты;
- 100 жағдай - туыстарымен жанжалды қатынастарға қатысты (оның 15-і - ата-аналарымен);
- 2,8 мың жағдай бойынша себептер анықталмады немесе кейбір басқа фактор.
Өз-өзіне қол жұмсағандардың 2969-ы асылып қалған, 169-ы биіктіктен құлаған, 145 суицид - өз-өзін улауға қатысты.
Өңірлер тұрғысынан ең көп суицид ең көп қоныстанған Алматы (425 суицид), Шығыс Қазақстан (411 суицид) және Түркістан (342 суицид) облыстарында тіркелді.
Өз-өзіне қол жұмсау - денсаулық сақтаудың күрделі проблемасы. Дегенмен, уақытылы, дәлелді және жиі араласулар арқылы суицидтің алдын алуға болады.
ДДСҰ-ның мәліметінше, әр 40 секунд сайын 1 адам өз-өзіне қол жұмсауға барады. Жыл сайын 800 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаса, ал одан да көп адам осы әрекетке баруға тырысады. Төмен және орташа табысы бар елдер әлемдегі суицидтің 79% құрайды.
Осы салаға үлес қосып, суицидтің алдын алу үшін бірқатар жұмыс атқарып жүрген қызылордалық психолог, БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, «Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу» жобасының үйлестірушісі Сымбат Әбдірахмановамен әңгімелестік.
Сымбат жастар арасында суицидтің алдын алумен жұмыс жасайды.
Өкінішке қарай, Қазақстан суицид көрсеткіші жоғары 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Осы ретте оның алдын алу бойынша ҚР Үкіметі түрлі шараларды ұйымдастырып жатыр. 2013 жылы елімізде суицидтің негізгі себептері бойынша арнайы зерттеу жұмысы жүргізілді. Зерттеулердің нәтижесі негізінде 2015 жылы алғаш рет Қызылорда облысында жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу жобасы енгізілді. 2015 жылдан бастап осы жобаның үйлестірушісі мен, - деді психолог.
Суицид жасаудың бірнеше себебі бар:
1. Генетикалық. Яғни, адамның генінде болады. Психикалық құбылыстармен ауырған немесе өз-өзіне қол жұмсаған адам болса, ол келесі жолы тұқым қуалауы мүмкін. Демек, ол психикалық аурулар болып, суицидке апарауы мүмкін.
2. Бала кезде алған жарақат. Жалпы отбасындағы кез келген дүние балаға әсер етеді. Мысалы, ата-ана ұрысып, балаға ешкім дауыс көтермесе де, оның өзі бала үшін жан жарақатын салады. Отбасында айтылып жатқан кез келген әңгіме де әсер етеді. Мысалы, менің тәжірибемде мынадай оқиға болды. Қыз бен анасы (психолог – әкесімен ажырасқан) болды. Қыз Қызылордада ата-әжесінің қолында оқып жатты. Енді анасы әр қоңырау шалған сайын қызына «Қызым, саған тапқан ақшамды салып жатырмын, өзіме етік алайын десем, жыртылып қалған. Бар ақшамды саған салып жүрмін» деп айтады екен. Кейін ол қыз маған келіп «Апай, мен өлгім келеді» деп айтады. Оның айтуынша, ол өлсе, анасы ақшасын өзіне жұмсар еді. Алайда, анасы мұндай сөздерді қызына мотивация беру үшін айтып жатыр. Бірақ қызы оны басқаша түсінген. Яғни, отбасында ата-аналар әрбір сөзге, әрекетке абай болғандары дұрыс.
3. Психикалық бұзылыс. Мысалы адамдар «Менің көзіме біреу көрініп жүр. Мені түсімде біреу шақырып жүр» дейді. Кейде депрессия болады. Яғни, ұйқы, тәбет бұзылысы болуы мүмкін. «Біреу көрініп жүр» деген өте қауіпті. Ол да адамның өзіне қол жұмсауына не біреуге зиянын тигізуге әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан осындай жағдай болса, бірден дәрігерге, психологқа көрінгендері жөн.
Әр баланың қорғаушысы болуы керек
Суицидке итермелеудің әртүрлі жолдары бар екенін айттық. Анасы баласының қорғаушысы рөлін атқаруы керек. Осындай қорғаушысы болса, баланың суицид жасау ықтималдығы төмендеу болады. Қорғаушы, яғни адамның өмірінде 100% сырын айта алатын кемінде бір адам болуы керек. Көбіне ересек адамдардан сұрағанда, олардың да қорғаушы адамдары жоқ екенін білеміз. Ересек адамдардың сырын айтатын адамдары болмаса, балаларда мүлде болмауы мүмкін. Себебі, олар менің 100% сырым басқа жақтан 200% болып шығады деп ойлауы мүмкін, - деді Әбдірахманова.
Маманның айтуынша, көбінесе суицидке шантаж жасау үшін барады. Мысалы, суицидке баратындардың өзінің белгілері болады.
Ол қандай белгілер?
- Адамның ұйқысы бұзылады. Түнде оянуы мүмкін, онымен қоса, проблемасы бар адам жастыққа басы тигенде бірден ұйықтап кете алмайды. Кейде беймезгіл уақытта қайта-қайта ұйықтай беруі мүмкін. Яғни, адам ұйықтамайды не шамадан тыс көп ұйықтайды;
- Тәбет бұзылысы. Көңіл-күй бұзылса, тамақ ішкіміз келмейді немесе керісінше;
- Әлеуметтік желілерге пессимистік жазбалар жазу. Оның өзі адамда проблема бар екенін және маған көмек керек деген сигналдарды білдіреді.
Балаларда 3 жастан бастап өмір, өлім туралы ойлар пайда болады. Яғни, «мені ешкім жақсы көрмейді» деген сияқты. Ата-ана тарапынан балаға дұрыс махаббат бөлінбейтін болса, оның болашақ өміріне, қарым-қатынас құруына да үлкен әсерін тигізетін болады.
Психикалық денсаулық + физикалық денсаулық
Адамда екі денсаулық болады. Олар психикалық және физикалық денсаулық. Физикалық денсаулық адамның 12 мүшесінің сау болуы. Ал психикалық денсаулық оның көңіл-күйі, эмоциясы, жылау, қуану, күлуі. Бұл екі денсаулық адамның бойында болғандықтан бір-бірімен өте тығыз байланысты. Мысалы, адамның тісі ауырған кезде ол ешқашан қуанып, жадырап, күліп отырғанын көрмейміз. Сондықтан кей кезде дәрігерлер азаматтарды психолог мамандарға баруды ұсынып жатады. Себебі, анемиямен, жемсаумен (зобпен) ауырса да, көңілшек болып кетуі мүмкін, - деді маман.
Сонымен қатар, психолог облыс бойынша түрлі алдын алу шараларын өткізіп жатқандарын айтты.
Суицидпен күрес барысында бірнеше жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен психологтар балалардан сауалнама алады. Сауалнама баланың жағдайы, оның бойында стресс бар-жоқтығы, бала бойындағы өзгерісті анықтау үшін алынады. Сауалнама алмас бұрын олардың ата-аналарын жинап, рұқсатын аламыз. Сауалнамаға балалардың аты-жөндері жазылмайды, оларға арнайы код беріледі. Психикалық өзгеріс анықталса, оның кім екенін маманнан басқа ешкім білмейді. Кейін оны тек ата-анасына ғана айта алады, - деді ол.
Әбдірахманованың сөзінше, суицидтен өліп кететіндердің басым көпшілігі - ер адамдар.
Өз-өзіне қол салмақ болған азаматтардың жас ерекшеліктері, жынысы, материалдық жағдайына қарай топтастыра алмаймыз. Себебі, әр түрлі жастағылар бұл әрекетке барып жатыр. Байдың да, кедейдің де. Ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. Дегенмен, жынысы бойынша айтуға болады. Суицидтен өліп кететіндер көбіне ер азаматтар. Оған ұмтылыс жасайтындар, мысалы дәрі ішіп аман қалатындар, қолдарын кесетіндер қыз балалар, - деді психолог.
Балаға бір ғана жылы сөз қалай әсер етеді?
2015 жылдан бастап жасөспірімдермен жұмыс істеп келемін. Түрлі отбасылар келеді. Әр түрлі ата-аналармен жұмыс жасауымызға тура келеді. Балалардың проблемалары әр түрлі. Мысалы, ата-анасы ажырасқан бір отбасы келді. Ол екінші әкесімен тұратын. Екі інісі бар (екінші әкеден). Әкесі қызды бөлектейді екен. Өз балаларына түрлі тәттілер әкеліп берсе, қызына бермейтін көрінеді. Осы орайда отбасымен, қызбен жұмыс істедік. Кейін қыз бір күні қуанып келді. Қыз анасының «ботақаным» деп еркелеткенін айтты. Ені қараңыз, бір ғана сөз балаға қалай әсер етіп тұр. Яғни, балаға «сені жақсы көремін» деген сөзді айту – балаға тигізетін әсері көп. Сондықтан бала мен ата-ананың арасында байланыстың болуы өте маңызды, - деді Сымбат өз тәжірибесімен бөлісіп.
«Бұрын суицид болмаған, өздерің айтып, оны шақырасыңдар» деп айтып жатады
Қазақстан суицидпен күресті қолға алды. Дегенмен, стигма, яғни жаңсақ пікір бар. Ата-аналармен, мұғалімдермен жиналыстарда «бұрын суицид болмаған, өздерің айтып, оны шақырасыңдар» деп айтып жатады. Шын мәнісінде, қазақта ненің болып, ненің болмағанын айтатын - тарих, әдебиет. Әдебиетке көз жүгіртсеңіз де, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу да суицид жасаған, Қыз Жібектің фильмін бәріміз көрдік, «Менің атым Қожа» фильмінен де суицидтің белгілерін көруге болады. Бұдан түйетініміз, суицид бұрыннан келе жатыр. Себебі, бұрын интернет, байланыс болмағаннан ол ақпараттарды ешкім білмеді, - деді ол.
Маманның айтуынша, Қызылорда облысында суицид көрсеткіші төмендеген.
Қызылорда облысында суицидті 50%-ға азайттық. Оған өте көп күш кетті. Әрбір ауылға барып, жұмыс жасауымызға тура келді. Сондағы байқағаным, ауылдың адамдары психологтың кім екенін түсіне қоймайды. Олардың ойынша, психологқа тек «психтар» барады. Онымен қоса, ауылда бір ғана психолог болған соң, оған барғылары келмейді. Олар бар сырымызды бүкіл ауыл біліп қояды деп алаңдайды, - деді психолог Сымбат Әбдірахманова.
Суицид қауіп-қатерінің әлеуметтік және отбасылық факторлары
Халықаралық зерттеулер суицидтік мінез-құлықтың көптеген әлеуметтік, экономикалық және отбасылық факторға қатысы бар екенін көрсетеді.
Ауыр әлеуметтік жағдай – әлеуметтік жағдайдың ауырлығы мен суицидтің, суицидтік әрекеттер жасау қаупінің арасындағы байланыстарға қатысты зерттеулердің көпшілігі қоғамның әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан балалар мен жасөспірімдер арасында, атап айтқанда, табысы төмен, қайыршылық жағдайда жәрдемақыға өмір сүріп жатқан немесе үшінші тұлғаларға тәуелді, сонымен бірге шектеулі академиялық жетістіктері бар балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтік әрекет жасау қаупі жоғары екені анықталды.
Ата-аналардың бөлек тұруы және ажырасуы – зерттеулер ата-аналары бөлек тұратын немесе ажырасқан балалар мен жасөспірімдер арасында суицид және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері қаупі жоғары екенін анықталды.
Ата-аналардың психикалық ауру белгілері – зерттеулер құлазу, кейбір затты пайдалану және шамадан тыс пайдаланумен байланысты бұзушылықтар пайда болған, қоғамға жат қылық жолына түскен жағдайларды қоса алғанда, психикалық ауру белгілері бар ата-аналары бар балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсау және соған әрекеттену статистикасы жоғары деп санайды. Оның үстіне, суицид құрбандарының отбасыларында кейбір затты пайдалану мен шамадан тыс пайдаланумен байланысты құлазу және тоқырау деңгейі аса жоғары екені анықталды.
Отбасындағы суицидтік оқиғалар – зерттеулердің көпшілігі балалар мен жасөспірімдердің суицидке және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттеріне баруы бұрын отбасында болған суицидтік оқиғалар мен мінез-құлық нысандарымен байланысты екенін анықтады.
Отбасындағы дау-жанжал – көптеген зерттеу отбасындағы зорлық-зомбылықты қоса алғанда, ата-аналарының арасындағы дау-жанжалдарды бақылаған балалардың өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің жоғары екенін көрсетті. Негізінде балалар отбасындағы дау-жанжалдардың өздеріне қол жұмсауға баруына себеп болғаны туралы жиі айтты.
Бала кезде физикалық немесе сексуалдық зорлық көру – зерттеулердің бірқатары дене мүшесіне қасақана зақым келтіру сияқты, бала кезде басынан өткен физикалық немесе сексуалдық зорлық көру мен суицидтік қауіп-қатер және оған әрекеттену арасындағы байланысты зерттеді.
Ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас – ата-аналар мен балалар арасындағы әлсіз қарым-қатынас, отбасындағы лайықсыз қарым-қатынас дағдылары, сонымен қатар тәртіпті қоса алғанда, ата-аналар тарапынан бақылау шаралары мен асыра немесе керісінше төмен бағалауы балалар арасындағы суицид қаупінің өсуімен байланысты екенін көрсету үшін зерттеушілік жолмен жинақталған көптеген дәлел бар.