Суды ұқыпты пайдалану керек – Смайылов

30 Қаңтар 2024, 10:56
461
Бөлісу:
Суды ұқыпты пайдалану керек – Смайылов
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Суды тиімді пайдалану аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз су ресурстарының тапшылығы жағдайында біраз жұмыс атқаруымыз керек. Ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Оны іске асыру су ресурстарын мониторингілеу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты - су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жыл бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді, - деді үкімет басшысы.

Смайылов Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екенін айтады.

Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Салдарынан 40% су ысырап болуда. Тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты су үнемдеуді ынталандыру. Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды, - деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі таңда үкімет фермерлерге су беру құнын субсидиялап отыр.

Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ін өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ке дейін көтеру жоспарлануда. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Мысалы, тамшылатып суару жүйесін қолдану 312 мың гектарда жоспарланған, ал қазір ол 84 мың гектарда ғана қолданылады. Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет. Жалпы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керек, - деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов ең маңызды мәселенің бірі - трансшекаралық суды пайдалану екенін айтты.

Көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу шеңберінде келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуге тиіс. Жалпы тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараларды сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге Тұжырымдаманы тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет, - дейді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы