Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Суды қалай үнемдеуге болады: Су министрлігі жаңа тариф енгізбек

12 Мамыр 2025, 12:22
544
Бөлісу:
 BAQ.KZ  архив
Фото: BAQ.KZ архив

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су үнемдеу мен рационалды пайдалануды ынталандыру мақсатында жаңа тарифтік саясатты қолға алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нұржігітовтің сөзінше, суды үнемді пайдалануды ынталандыруда тарифтік саясат шешуші рөл атқарады. Осыған орай, қазіргі таңда суармалы судың тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр.

Жаңа тәсіл бойынша тарифтер ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлеріне, тұтынылатын судың көлеміне, сондай-ақ су үнемдеу технологияларының қолданысына қарай сараланып белгіленетін болады. Бұл шара суды ұтымды пайдалану мен үнемдеуге ынталандыруды күшейтуге бағытталған. Бұл ретте Мемлекет басшысының суармалы су қызметтеріне тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес министрлікке Ұлттық экономика министрлігінен суармалы суға тарифтік реттеуіш функциялары берілді, - деп айтты Су ресурстары басшысы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, “аз тұтынсаң - соғұрлым аз төлейсің” қағидатына негізделген ауыз суға сараланған тарифтер жүйесі енгізілді.

Бұл жүйе халықты су ресурстарын ұқыпты пайдалануға ынталандырып, тұтыну көлеміне қарай әділ әрі үнемді төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған.

Алдын ала деректер бойынша алты өңірде (Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Ақмола, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстары), сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде ай сайын орта есеппен 1,6 миллион текше метр су үнемделіп отыр. Бұл арқылы шамамен 900 миллион теңге көлемінде қаражат жиналып, ол су құбыры желілерін жаңғыртуға бағытталады, - деді ол.

Еске сала кетейік, Астананың су мәселесі қалай шешілетіні туралы осыған дейін жаздық. Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласы мамандарының айлығын көтеру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді.

Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі жайында пікір білдірген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Батыс Қазақстандағы судың тиімді пайдаланылмауы мен бюджеттің тиімсіз жұмсалуын сынға алды.

Өзгелердің жаңалығы