Астананың су мәселесі қалай шешіледі

12 Мамыр 2025, 11:54
596
Бөлісу:
 BAQ.KZ  архив
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев елордадағы су тапшылығы мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов елордада су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірнеше маңызды жобаның қолға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс отырысында Павел Казанцев Астананың су мәселесін көтеріп, елордадағы жалғыз су қоймасының 1969 жылы салынғанын және ол тек 500 мың адамға шақталғанын атап өтті. Депутат бас қаладағы сумен қамту жағдайын қалай шешу жоспарланып жатқанын сұрады.

Астана қаласында 1969 жылы салынған жалғыз су қоймасы бар. Бірақ бұл қойма тек 500 мың адамға арналған. Қазіргі таңда қалада бұл мәселе қалай шешілетін болады? – деп сұрады депутат.

Қуандық Қажкенов өз жауабында елордада су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірнеше маңызды жобаның қолға алынғанын хабарлады. Ол 2023 жылдың соңында елордадағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін №3 сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілгенін, қазіргі таңда елордада су тапшылығы жоқ екенін атап өтті.

2021 жылы жаз айларында елорданың кейбір аудандарында су тапшылығы болды. Бірақ тиісті шаралар қабылданып, 2023 жылдың аяғында №3 сорғы-сүзгі стансасы іске қосылды. Қазіргі таңда қалада тәуліктік су тұтыну көлемі – 350 мың текше метр, ал үш сорғы-сүзгі стансасының қуаты 410 мың текше метрге жетеді, – деді вице-министр.

Алайда, вице-министр елорданың сумен қамтудың резервтік көздері бойынша бірнеше жаңа жобалар қарастырылып жатқанын жеткізді. Олардың біріншісі – №4 сорғы-сүзгі стансасы мен Қаныш Сәтпаев каналынан су жеткізу жобасы, ал екіншісі – Нұра жерасты суларынан су алу жобасы.

№4 сорғы-сүзгі стансасының құрылысы және Қаныш Сәтпаев каналынан су жүргізетін жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жобалар тәулігіне 200 мың текше метр ауыз суын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Сонымен қатар Тельман сорғы стансасынан техникалық су жеткізу жобасы да қолға алынып жатыр, оның құны 17,6 миллиард теңге деп белгіленген. Биыл осы жобаның іске асуына жергілікті бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлінген.

Бұл жобалар Астананың болашақта қарқынды дамуын ескере отырып, қала тұрғындарын сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп қорытындылады ол сөзін.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі жайында пікір білдірген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Батыс Қазақстандағы судың тиімді пайдаланылмауы мен бюджеттің тиімсіз жұмсалуын сынға алды. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласы мамандарының айлығын көтеру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы