Су айдындарындағы жазатайым оқиғалар мен адам өлімінің алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін арттыруға бағытталған «Қауіпсіздік азимуты» республикалық профилактикалық акциясы жалғасуда. 1 шілде мен 10 тамыз аралығында 610 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша жалпы сомасы 9 446 231 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Акция аясында ТЖМ қызметкерлері су айдындарында рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде заңнама талаптарының сақталуын тексеріп, кеме иелері мен демалушыларға нұсқамалар жүргізуде, сондай-ақ суда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруде. Шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға және адамдар жаппай демалатын орындарда профилактикалық бақылауды күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Бұзушылықтардың ең көп саны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 582-бабы бойынша анықталды. Аталған бап белгіленген тәртіппен тіркелмеген немесе техникалық байқаудан (куәландырудан) өтпеген, борттық нөмірлері мен белгілері жоқ, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған, пайдалануға тыйым салынатын ақаулары бар шағын көлемді кемені басқарғаны үшін, сондай-ақ жүк тиеу қағидаларын, жолаушылар сыйымдылығы нормаларын, жүзу ауданы мен жағдайларына қойылатын шектеулерді бұзғаны және жеке құтқару құралдарын кимей әрі тақпай шағын көлемді кемені басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді.
ТЖМ азаматтарды тек рұқсат етілген орындарда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, құтқару кеудешелерін пайдалануға, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын сақтауға және ауа райы қолайсыз болған жағдайда суға шықпауға шақырады.