Субсидия жыры. Кәсіпкерлер тағы да дабыл қақты

29 Қазан 2021, 18:30
15309
Бөлісу:
Субсидия жыры. Кәсіпкерлер тағы да дабыл қақты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Фермерлер тарапынан несиелерді арзандатудың, яғни мемлекет субсидиясын алудың қиындығына қатысты шағымдар тоқталмай отыр. Шаруалар мәселені шешу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Елімізде фермерлер үшін несиелендірудің барлық дерлік бағдарламасы жылдық 14-17 пайыз мөлшерлемемен қаржы ұсынады. Тек субсидияланғаннан кейін мөлшерлеме 5-6 пайызға түседі. Алайда іс жөнінде олар бұл субсидияны ала алмай, несиенің пайыздық мөлшерлемесін толық көлемде қайтарып келеді.

Бұл туралы Ұлттық палатаның Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен отырыста айтты.

Соңғы жылдар ішінде «несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау» бағдарламасын толық қаржыландырмау мәселесі өткір болып тұр. Қарыз алушылар мемлекеттік қолдау шаралары мүмкіндігінен айырылған. Жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына (ЭБЗ, Сыбаға және т.б.) сәйкес фермерге 5-6%-бен қарыз көзделген. Алайда қарыз шарттары бойынша шаруалар сыйақы мөлшерлемесін толық көлемде 14-19% өтеуге мәжбүр. Яғни, субсидиялау бағдарламасы толық іске асырылмай келеді, – деді Ербол Есенеев.

Сонымен қатар, шаруалар пайыздық мөлшерлемеге субсидия алу үшін өтінім бергенде өтінімді қарайтын ақпараттық жүйеге қатысты проблемаға тап болады.

Қазір несие беру және оның пайыздық мөлшерлемесін арзандату процесіне қаржы институты, субсидиялаудың ақпараттық жүйесі, ЖАО және фермер қатысады. Өтінімді толтырудағы қиындық – бұл тек қарыз алушы зардап шегетін бюрократиялық процесс. Өйткені өтінімді толтыру функциясы тек қарыз алушыға ғана тиесілі, – деп көтерді мәселені департамент директоры.

Ұлттық палата сарапшысы осы проблемаларды болдырмау үшін фермерге түпкілікті мөлшерлемесі 5-6% жеңілдікті несие беруді, ал әкімдіктерге қалған сыйақы мөлшерлемесінің 10%-ын қарыз алушының қатысуынсыз қаржы институттарын дербес субсидиялауды ұсынды.

Сондай-ақ, отырыста ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін сырғалардың болмауына қатысты мәселелер қаралды. Осы жылдың басынан бастап (былтыр да осындай проблема болған – авт.) облыс фермерлері ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін тиісті базаға тіркей алмай отыр. Себебі малды таңбалайтын сырға жоқ. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен сырғаларды жеткізушінің арасында сот процесі жүріп, проблема әлі шешілмей отыр.

Ербол Есенеевтің айтуынша, жануарларға сырға уақытылы тағылмаса, төлдер өсіп кеткен соң оның жасын дәлелдеп субсидия алу мәселесі де қиындайды.

Мысалы, жемге субсидия алу үшін аналық мал басының жасы 18 айдан кем болмауы тиіс. Ал, сырғалар 2021 жылдың қыркүйегінде тағылып, базаға енгізілсе, келесі жылы қыркүйекте базада 12-13 ай деп көрсетіледі. Ал шын мәнінде жануардың жас мөлшері 18-20 ай болады, – деді Ұлттық палата өкілі.

Ауыл шаруашылығының вице-министрі Рүстем Құрманов аталған проблемаларды жұмыс тобында талқылауды ұсынды. Содан кейін тараптар премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловтың қатысуымен өтетін отырыста тағы қарастырады.

Өзгелердің жаңалығы