Субсидия суды үнемдейтін фермерлерге ғана берілуі тиіс - Смайылов

4 Шілде 2023, 13:01
817
Бөлісу:
Субсидия суды үнемдейтін фермерлерге ғана берілуі тиіс - Смайылов
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Үкіметте сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вегетациялық кезеңнің өту барысы және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдегендей, осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өткізудің арнайы іс-қимыл жоспары бекітілді. Оның аясында көршілес елдермен жоғарғы су қоймаларынан қосымша су жіберу арқылы дихандарды егістік суымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, суару желісінің магистральдық және шаруашылық аралық арналарын тазарту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған.

Оның айтуынша, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарын сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалыптасқан жағдай, оның ішінде су тапшылығының салдарын азайту мақсатындағы шараларды қабылдау ісі экология министрлігінің тұрақты бақылауында.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы жылы көктемгі дала жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы мерзімде сәтті жүргізілді. Бұл ретте республикада судың азаюы мен климаттың жаһандық өзгеруінің жалғасып жатқан циклі жағдайында ерекше өзектілікке ие болып отырған суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Мәселен, биыл 1,58 млн га суармалы жер өңделеді, бұл үшін шамамен 11,4 млрд м3 су қажет. Сонымен қатар суды көп қажет ететін және дара дақылдардың аудандарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшуге байланысты мақта алқабы 14,8 мың гектарға қысқартылды. Қызылорда облысында күріштің әлеуметтік маңыздылығы мен топырақтың тұздылығына байланысты аталған дақылды егу қазірге күрт азайған жоқ.

Суды үнемдеу технологияларын енгізу үшін мемлекет инвестициялық субсидиялау шеңберінде дихандардың оларды сатып алуына, сондай-ақ су алу және жеткізудің негізгі инфрақұрылымын орнатуға жұмсаған шығындарының 50%-ын өтейді.

Өңірлердегі шаруаларды сумен қамтамасыз ету шаралары туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндады.

Премьер-Министр вегетациялық кезеңді тиімді өткізу егіннің түсімі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл ретте суармалы жерлердің көп бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан.

Олар жыл сайын су тапшылығының зардабын тартып келеді. Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндері негізінен көрші елдерден келетін ағын суға тәуелді, — деді Әлихан Смайылов.

Ғылыми болжамдарға сәйкес, судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек: 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына шамамен 15 текше километрді құрайтын болады.

Сондықтан, судың басында отырған елдермен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерді сақтау мәселесі бойынша жұмысты күшейту қажет, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Бұл ретте Үкімет басшысы тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру мәселесінде өзіміздің ішкі кемшіліктеріміз де су саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып отырғанын атап өтті. Бұл жерде бірінші кезекте, өзімізде бар су қорын үнемдеп, тиімді пайдалану мәселесін бір жүйеге келтіру қажет.

Оның айтуынша, елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Алайда, сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы әбден ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болуда.

Бұл – үлкен шығын. Мысалы, Түркістан облысындағы К-30 каналының техникалық жағдайы бәріне белгілі. 12 жылдан асты, күрделі жөндеу жұмыстары сонда да аяқталмай келеді. Қызылорда облысының егіншілері тәуелді болып отырған Сол жағалаудағы магистральдық канал бойынша да жағдай осындай. Мұндай мысалдар елдің оңтүстік аймақтарында өте көп, — деді Әлихан Смайылов.

Ол негізінде, жаз айларында судың шығыны 10-15%-дан аспауы тиіс, ол үшін барлық суару каналдары мен су қоймаларын жөнге келтіру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ондағы барлық процестерді міндетті түрде автоматтандырып, цифрландыру керек.

Үкімет басшысы атап өткендей, егістік суын барынша ұтымды пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі қажет.

Ол сондай-ақ суармалы су тарифтерінің қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы қолданыстағы тарифтер суды үнемдеп жұмсауға ынталандырмай отырғанын атап өтті. Сондықтан, бұл саладағы тарифтік саясатты қайта қарап, адамдардың суға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру қажет, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Саланы одан әрі дамыту шеңберінде Әлихан Смайылов су дипломатиясы бойынша нақты позицияны айқындап, оны үкіметаралық комиссиялар шеңберінде республика мүдделерін ескере отырып қорғауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ су шаруашылығы объектілерін салу және күрделі жөндеу жобаларын, сондай-ақ суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр суару тәсілдеріне байланысты Субсидияларды саралау ережелерінің тез арада қабылдануын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.

Яғни, суды үнемдеу технологияларын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі тиіс. Суды тиімді пайдалануға ынталандыру, оның ішінде үнемдеу және тамшылатып суару технологияларын енгізу мен жаңбырлатып суару қондырғыларын пайдалану бойынша жұмысты күшейту қажет, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, ол ауыл шаруашылығы дақылдарын кезекпен суаруды ұйымдастырып, қайтарымды суларды қайта пайдаға жаратуды тапсырды, өйткені бұл каналдардағы су шығынын азайтуға және суды үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы